Мемқызметкерлердің лайк басқанына дейін бақыланады

Жаңалықтар
26.04.2017, 14:34

16Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желідегі жарияланымдары тексерілетінін xабарлады.

"Этика кодексінде мемлекеттік қызметшілер қоғамның сынын туғызуға жол бермеуі шарт делінген. Біздің көзқарасымыз бойынша, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерінде мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін фото, бейнематериалдардың жариялануы біздің іске кірісуімізге және ол жарияланымды өшіруге немесе көпшілік назарынан алып тастауын сұрауымызға негіз бола алады", - деді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Қуаныш Жапақов.

Департамент басшысының айтуынша, ондай жазбаларға мемлекеттік қызметшілердің түрлі кештердегі немесе өзге де орындардағы әдепсіз, мас күйіндегі, кальян және өзге де тыйым салынған заттарды тұтыну кезіндегі фото және бейнетүсірілімдері жатады.

Сонымен қатар деструктивті діни ағым ақпараттары бар жазбаларға "лайк" басу мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жазаға тартылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

"Мысалға, наурыз айында мемлекеттік органдарға мониторинг жасалды. Оның барысында инвестициялар және даму министрлігінің, қорғаныс және әуеғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірқатар қызметкерлерінің аккаунттарынан мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін жекелеген материалдар анықталды. Бұл жазбаларды өшіруге және аталмыш материалдарды жариялаған қызметкерлердің ісін тәртіптік комиссияда қарау жөнінде мәліметтер жолданды. Сәуірде жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің аккаунттарына мониторинг жүргізілуде", - деді ол.

Дереккөз: Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom