Оңтүстікке жасаған жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сайрам ауданындағы жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бау шаруашылығында әлемдік тәжірибені қолданатын компания жылына 8-10 мың тонна алма өсіреді.
– Бұдан 10-15 жыл бұрын өзіміз осындай алуан түрлі өнім өндіреміз деп ойлап па едік? Ал бүгін ол шындыққа айналды, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы өңіріміз кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы тиістігін жеткізді.
Кездесуде Елбасыға өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалықкөрсеткіштері туралы баяндап, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды.
Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған көпшілікке бақ-береке тілеп, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізулеріне ниеттестігін білдірді.
Айта кетейік, мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нде бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын серіктестік бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден –делишес», «Гала», «Айдеред» алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Яғни, мұндағы 1 гектер жерге шамамен 2500 түп ағаш көшеті қондырылған. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді.
Оңтүстік Қазақстанда интенсивті бау шаруашылығын қарқынды дамыту жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Облыста жалпы жеміс-жидек ағаштары алқаптарының көлемі 19,5 мың га құраса, оның 2 мың гектары қарқынды бауларға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың га жерге қарқынды бау тәсілімен көшеттер отырғызып, интенсивті баулардың жалпы көлемін 3,5 мың га жеткізу жоспарлануда.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы саласы Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі бағыты. Осы жылдың қаңтар - наурыз айларына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 64,4 млрд.тң, құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,9 млрд. тң. артты. Осылайша, республика бойынша ауыл шаруашылығында ОҚО үлесі 18,2 % құрап, бірінші орынға шықты.