Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев - ядролық қарусыздану әлемінің көшбасшысы» атты құжаттық көрменің саланатты ашылуы өтті, деп хабарлайды қалалық ішкі саясат бөлімінің баспасөз қызметі.
Көрме ҚР Президентінің Мұрағаты, ҚР Президентінің Телерадиокешені, ҚР Ұлттық мұрағаты, ҚР Орталық мемлекетік мұрағаты, ҚР Кинофотоқұжаттар және дыбыс-жазба орталық мемлекеттік мұрағаты, ШҚО Мемлекеттік мұрағаты, ШҚО Қазіргі заман тарихы құжаттамасының орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің белсене қатысуымен дайындалды.
Құжаттамалық көрменің салтанатты ашылуына ҚР Президенті Мұрағатының директоры Б.Ә. Жапаров, Шығыс Қазақстан облысынан ҚР Парламент Сенатының депутаты Т.Ж. Абайділдин, Семей қаласының әкімі А.М. Кәрімов, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Ш.А. Әмірбеков, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының вице-президенті С.У. Картоев қатысты.
Көрмеде ҚР Президентінің Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлығы, Елбасының полигонның жабылуына орай Қазақстан халқына жолдауы, КСРО халық депутаты Н.Ә. Назарбаевтың КСРО халық депутаттарының съезінде (1989 жыл ) сөйлеген сөзі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Семей облыстық партия-шаруашылық активінде (1989) сөйлеген сөзі, Қзақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаевтың КСРО Жоғарғы Кеңесіне, КСРО Министрлер Кеңесіне, КОКП ОК-не «Семей полигонында ядролық қарудың сынақтарын толықтай тоқтату туралы» хаты (1990), сынақ алаңдарының орналасу карта схемалары, 1949-1990 жылдар аралығындағы ядролық жарылыстардың нәтижелері жөнінде анықтамалар, ақпараттар, фотоқұжаттар, Семей облыстық партия комитетінің КОКП ОК-не хаттары мен жеделхаттары, медициналық және әлеуметтік хаттар, дәрігерлер комиссиясының ақпараттары, ядролық сынақ зардаптары, фотоқұжаттары, БҰҰ және оның органдарының Қазақстанның халықаралық келісімдер мен конвенцияларға қосылуы жөнінде актілері, ҚР Президентінің халықаралық ядроға қарсы форумдарда сөйлеген сөздері, әңгіме сұхбат жазбалары, хат алмасулар, сонымен қатар еліміздің Президентінің қауіпсіз әлемді сақтап тұрудағы жетекші рөлін ашып көрсететін басқа да құжаттар орын алды.