Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал аудандары және Шымкент қаласынан жиыны 37 отбасыдан тұратын көш сәуірдің 30-ы күні Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Олар Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданынан екі автобуспен жолға шықты.
Шымкент қаласының тұрғыны Айшагүл Күзетбаева төрт баласымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданына қоныс аударып барады.
- Бір апта бұрын көшетін жерімізді көріп келдік. Күйеуім қазір сол жақта, ол көлік жүргізушісі, өзім тігіншімін. Жаңа қоныста мал шаруашылығымен айналыссақ дейміз, - дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы Нұржан Нұрашов өзге облысқа көшіп барған отбасыларына мемлекет есебінен бір жолғы жәрдем берілетінін айтады.
- Биыл қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 79 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтеледі, - дейді ол.
Шенеуніктің сөзінше, бір реттік көмек алған әрбір азамат көшіп барған жерінде 6 айға дейін тұруға міндетті. «Егер жарты жылған жетпей ол жақтан қайтып келетін болса, мемлекеттен алған көмекті кері қайтарады» дейді ол. Нұржан Нұрашов биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан 680 отбасы басқа аймақтарға көшіп баруға ниет білдірген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы облыстан 146 отбасы немесе 572 адам Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударған. Оның ішінде 125 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, қалғандары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған.
Дереккөз: Азаттық