Талдықорғанда үкіметтік емес ұйымдарының консалтинг орталығы ашылды. Алматы облысының ішкі саясат басқармасының бастамасымен журналистер үйінде ашылған нысанның салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, техникалық, кеңестік салалар бойынша қолдау көрсетіп, қажетті бағыт-бағдарда жұмыс істеуі үшін аталмыш орталықтың қажет екенін атап өтті.
Жаңа орталықтың жетекшісі Елдар Сапаров мекеменің мақсаты, міндеті, ұсынылатын қызметтер спектрі, өңірлік ҮЕҰ желілік жұмыстарын ұйымдастыру туралы ақпарат беріп өтті. ҮЕҰ жетекшілері және қатысушы қонақтар орталық қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, қажетті кеңес алды.
«Бүгін сіздер мен біздер үшін ерекше күн деп айтсақ қателеспейміз. Себебі бүгін әртүрлі жиындар мен форумдарда айтылып жүрген Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін көтеріп, жан жақты қолдау көрсететін орталық ашылып отыр. Консалтинг орталығының басты мақсаты облысытағы ҮЕҰ жұмыс жасауына және олардың қоғамды демократияландыруда өз үлесін қосуға қолайлы жағдай туғызу. Алдағы уақытта біз осы орталықтың жұмысын дамыту үшін еңбек ететін боламыз», - деді консалтинг орталығының жетекшісі Елдар Қайсарұлы.