Қазақстанның ЖОО арасында өтетін ІХ республикалық жазғы универсиада биыл Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-де өтеді. Осыған орай аталған білім ордасы ректор кубогы үшін футболдан облыстық ашық біріншілік өткізді. Үнемі студенттердің дене шынықтыру даярлықтарын жетілдіруге бағытталған түрлі іс-шараларды ұйымдастыратын университет бұл жолы қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануға өз септігін тигізбек мақсатта. Біріншілікке облысымыздан 20 команда қатысуда. Қаламыздағы ЖОО оқытушыларынан, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған команда ойыншыларының жас ерекшелігі 23 жастан басталады. Сау дененің кепілі – салауатты өмір салты. Теңбіл доп таласында ойыншылардың жеңіске деген жігері мен спортқа деген ұмтылысы алғашқы сәттен-ақ намысты дода көрсетті. Бірінішілік 3 күнге созылмақ. Жеңімпаз ректордың арнайы кубогы мен бағалы сыйлыққа ие болады. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
"Сайгез-ақпарат"