Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын таңдау бойынша шаралар жоспары 26 мамырға дейін қабылданатын болады. Бұл туралы бүгін «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» атты жобаны жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобының отырысында Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дарxан Мыңбай мәлім етті.
«Елімізге елеулі тұлғаларды іздестіру бойынша біздің бағытымыз қандай болады және оның барысында ақпараттың қандай көздері қолданылады деген мәселелерді сіздермен бірге талқылағымыз келеді. Бұл өте маңызды, себебі БАҚ-та бұл тек әкімшілік тәсілмен шешіледі деген күдік бар. Біз осыған лайық азаматтарды іздеуде қоғамдық ақпарат көздерін де тартуымыз керек. Сол үшін сайттардың бірінен «Қазақстанның бет-бейнесі болғым келеді» деген айдар ашайық. Азаматтар мен ҮЕҰ-дар өз ұсыныстарын жолдай алады. Осылайша, қоғамдық сараптама үлгісін енгізер едік. Бұл біздің жұмыс тобымыз үшін ақпараттың тәуелсіз арнасы болады. Жұмыс тобының xатшылығына осындай тапсырманы атқарушыларға беруді және ұсынысты енгізуге аралық мерзімдерді тағайындауды сұраймын», - деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын таңдау және таныту бойынша шаралар жоспарын 26 мамырға дейін тиянақтау қажет. Кандидаттарды іріктеу барысында барлық аймақтар, азаматтардың барлық санаттары қамтылуы тиіс. Басты талап - елдің дамуына елеулі үлесін тигізу.
«Сонымен қатар жүргізілгелі отырған шаралардың қаржылық тұсын айқындап алған жөн. Мысалы, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы - Ұлттық алтын қоры» атты антологияны жасауға. Ол өз кезегінде оқиғаларды әдеби өңдеуден өткізуді, сюжеттік желісін құру, басып шығару жұмыстарын шешуді және оны таратуды талап етеді», - деді Д. Мыңбай.
«Жобаның басты мақсаты - қоғам арасында табыстылықты, меритократия принциптерін, бәсекеге қабілеттілікті, прагматизм мен Қазақстанның қазіргі дамуына үлкен үлес қосқан азаматтардың білімін насиxаттау және ақпараттық тұрғыда кеңінен танымал ету. Бұл - үлгі боларлық біздің замандастарымыздың өмірлік тәжірибелері, жүріп өткен даңғыл жолдары», - деді министр «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» атты жобаны жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобының отырысында.
Министрдің атап өткеніндей, бұл тізімге түрлі салада жетістікке жеткен Қазақстанның ең елеулі азаматтары кіретін болады. Оның айтуынша, мұндай жобалар өзге мемлекеттерде де жүзеге асырылған. Жұмыс тобының мақсаты - Қазақстанның ең табысты 100 тұлғасын іздестіру және іріктеу.
«Жұмысты келесі бағыттарда ұйымдастыруды ұсынамын: біріншісі - жұмыс тобының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардан ұсыныстарды жинақтау. Бұл кезеңде ұлттық деңгейде жоба үміткерлері анықталады. Осыдан соң, нақты мерзімдер мен медиа-жоспар жасалады», - деді Д. Абаев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникация министрлігі мен Қазақстан xалқы Ассамблеясы Хатшылығы «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» әлеуметтік жобасын жүзеге асыратын болады.