«Бір белдеу – бір жол» саммитінің Астанаға берері не?

Жаңалықтар
16.05.2017, 10:43

12Қытай астанасындағы «Бір белдеу – бір жол» саммитіне 29 елдің президенттері, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жетекшілері қатысты. Азаттық бұл жиынның Қазақстан үшін маңызды тұстары жайлы сарапшылардың пікірін білді.

Мамырдың 14-15 күндері Пекинде өткен «Бір белдеу – бір жол» саммитінде Қытай президенті Си Цзиньпин Азия, Африка мен Еуропада түрлі инфрақұрылым нысандарын салуға 124 миллиард АҚШ долларындай қаржы жұмсау туралы жоспарын жария етті. Дүйсенбі күні Қытай президенті саммитте сөз сөйлеп тұрып, халықаралық ұйымдарды осы жобаға қосылуға шақырды. Президент Си ғаламдық экономикалық өсуге қол жеткізу үшін протекционизмге қарсы тұрудың маңыздылығын атап өтті.

- Әріптестік рухын сақтауға, бірлесе кеңесуге, бірлесе құруға және бөлісуге, саясатымызды үйлестіруге, жабдықтарымызды жалғастыруға, шектеусіз сауда-саттық жасауға, қаржылық жүйемізді интеграциялауға, ортақ мақсатымызға адами қарым-қатынас арқылы жетуге тиіспіз. Ашық, екі жаққа да тиімді ынтымақтастық орнатуға... және протекционизмге қарсы тұруға міндеттіміз, - деді Си Цзиньпин.

Бірақ «Бір белдеу – бір жолды» «биліктің жобалауымен жоғарыдан – төменге таңылып жасалған, транспаренттік тұрғысынан бұлдырлау» деп сипаттайтын кейбір халықаралық сарапшылар мен батыстық әріптестері дәл осы протекционизм мәселесіне Қытай жеткшісінің өз назарын аударғысы келеді-ақ. Reuters-тің жазуынша, кейбір Батыс дипломаттары Пекинде өткен «Бір белдеу – бір жол» саммитін Қытайдың дүниеге ықпалын арттыру әрекеті ретінде көріп, жобаның жабықтығына және шетелдік компаниялардың қатысу мүмкіндігінің аздығына алаңдайды. Дүйсенбі күні саммит қатысушылары көпжақты сауда жүйесін жетілдіруге ниет білдіргені туралы коммюнике жарияланды.

Брюссельдегі Еуропалық Азиятану институтының зерттеушісі Тереза Фэллон мамырдың 15-інде Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында:

- Қытайлықтардың өздері бұл бастама туралы «батыл жоба ма, бұлдыр жоба ма» деп айтып жүр. Бұл – жоғарыдан төменге таңылған (ред.: top down) жоба... Қытайды әлемдік деңгейдегі ірі экономикалық ойыншы етіп көрсету үшін, «экономикалық жолдың бәрі Пекинге апарады» дегендей. Си Цзиньпин үшін де мәні зор. Ішкі саясатқа да қатысы бар. «Қараңдар, осыншама көп әлемдік деңгейдегі жетекші Пекинге келді, Қытай оларға жаһанданудың жаңа лидері ретінде тартымды» [деп тұрғандай]. Ал Қытайдың расында да жаһандану жетекшілерінің бірі екені күмәнді нәрсе. Өйткені еуропалық және емерикалық сауда палаталарының тарапынан түсіп жатқан шағымдардың көбейгеніне қарасаңыз, Қытайда бизнес жасаудың қаншалықты қиын екенін [көресіз]. Шын мәнінде бұл ел жаһанданудың жетекшісі емес. Бірақ Қытай дәл осы сүйкімді тіркесті көптің құлағына сіңіруге тырысып жатыр, Давоста да Си Цзиньпиннің аузына салды, - деді.

Фэллонның пайымдауынша, президент Дональд Трамптың «Ең әуелі – Америка» саясатының аясында АҚШ билігі ішкі мәселелеріне көбірек көңіл бөліп жатқан тұста босай бастаған кейбір стартегиялық кеңістікті Қытай толтыра қоюға бейіл. Сарапшы саммитте қабылданған бірлескен мәлімдемеге еуропалық қатысушылардың қол қоймағанына, сенімнен гөрі скептицизмнің басым екеніне назар аударады. Фэллон «Бір белдеу – бір жол» жобасының аясындағы алты экономикалық дәліздің біреуі Орталық Азия арқылы өтетінін ескертеді. Сарапшы кейбір мамандардың бұл жобаны «Маршалл жоспарына» теңейтінін, бірақ бұлай айту орынсыз екенін, өйткені Қытай бұл бастамасы арқылы бірыңғай көмек беруге емес, Орталық Азияда өзіне тиімді тұрақты һәм қауіпсіз ахуал орнатуға, Қазақстандағы энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі екенін айтады.

Ал қазақстандық экономист Жангелді Шымшықов Пекиндегі саммит Астанаға игі әсер етеді деп ойлайды. «Ол саммиттің экономикалық тұрғыдан маңызы аса зор» екенін айтып, алайда нәтиже «қазақстандық шенеуніктер мен тисті компания өкілдерінің біліктілігіне байланысты» екенін айтады.

- Бұл Қазақстанға ең бірінші экономикалық дүмпу болуы мүмкін. Өйткені «Бір белдеу – бір жол» жобасы арқылы көрші ірі нарыққа кіруі Қазақстан экономикасына 100 есеге дейін пайда түсіреді. Екіншіден, осыдан бірнеше жыл бұрын басталған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы біздің еліміздің үстінен өтеді. Жол бойынан жаңадан елді мекендер бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сенім бар. Бірақ мұның барлығы оң нәтиже беру үшін біздің биліктегі шенеуніктеріміз тең дәрежеде келісім-шарттар жасауға қабілетті болуы керек және елдің мүддесін қорғауға жанкешті әрекет жасау қажет. Әйтпесе, бұл артынан бізге қиындықтар тудыруы да мүмкін, - дейді сарапшы.

Экономист Азаттыққа 1990 жылдары шетелдік инвесторлармен мұнай және газ саласындағы жасалған «тиімсіз келісімшарттар кесірінен Қазақстан тонауға ұшырағанын» ескертіп, «Бір белдеу – бір жол» жобасы да соның соңын құшпау керек екендігін айтты. Шымшықов:

- Қытайда өтіп жатқан саммитте көңілге күдік ұялататын мәселелердің бірі - жасалынып жатқан келісім-шарттардың жария болмауы, - дейді.

Пекиндегі саммит аяқталған күні қазақстандық ақпарат құралдары әлемдегі ірі теңіз және логистикалық операторлардың бірі COSCO Shipping компаниясы мен Ляньюньган портының Қытайдағы саммит аясында «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен бірлесе дамыту мүмкіндігіне қол жеткізгені, инвестициялық келісімге қол қойылғаны жайлы жазды. Жергілікті БАҚ-тың мәлімдеуінше,қытайлық инвесторлар «KTZE – Khorgos Gateway» құрлық портының 49 пайыз акциясын сатып алуды жоспарлап отыр.

«Халықаралық логистикадан стратегиялық серіктестерді тарту «Қорғас- Шығыс қақпасы» АЭА дамуына жаңа серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағындарын шоғырландыру және дистрибуциялау бойынша ірі өңірлік хабын құруға мүмкіндік жасайды» деп жазды «ҚазАқпарат» агенттігі.

Салтанатты қол қою шарасына Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов, Ляньюньган қаласының мэрі Сян Сяолун қатысқан.

Пекиндегі саммитке қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың «Жібек жолын» жаңа форматта дамыту ұсынысын «әлемдегі күшейіп келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға уақытында берілген жауап» деп сипаттаған.

«Бірлескен даму арқылы тұрақтылық орнату» әдісі қазір ондаған елдің экономикалық мүддесін қамтитын халықаралық ынтымақтастықтың жағымды формасы саналады. Осыған байланысты қазір Жібек жолының белгілі бір контурлары айқын болып тұрған кезде бұл макроаймақтық кооперацияны бірлесе іске асыру керек. Сонымен қатар Жібек жолы бастамаларын іске асыру тұтас аймақтарды, оның ішінде Орталық Азияны ғаламдық деңгейге жаңаша көрсетуге жол ашады» деген Назарбаев.

Экономист Жангелді Шымшықов Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасын Азия, Африка мен Еуропада жүзеге асыру үшін бөлуге дайын екенін айтқан 124 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржының «үштен бір бөлігі Қазақстан тарапына бөлінуі тиіс» деген ойда.

- Қытай Қазақстанда бірінші кезекте – мұнай құбыры, екінші кезекте – газ құбыры, үшінші кезекте – автомобиль жолы, төртінші кезекте – темір жолы құрылысын жүргізеді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының тең жартысы Қазақстан аумағын басып өтеді, - дейді ол.

Шымшықовтың айтуынша, Қытай билігінің сыртқа мұншама көп қаржы шығаруға талпынуының басты себебі – экономикалық құлдырау.

- Қытайдың қазіргі экономикасы біртіндеп әлсіреп бара жатыр. Мәселен, бұрын Қытай экономикасы жылына 12 пайыз өсім берсе, қазір ол алты пайызға дейін түсті. Оған қоса, соңғы бірнеше жылда юаньды екі рет девальвациялады. Бұл дегеніңіз Қытай экономикасына төнген қауіп. Сондықтан Қытай билігі өзінің сыртқа шығаратын экспортын ұлғайту үшін жан-жақты әрекет жасап жатыр, - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали да «Қазақстан үшін Қытаймен экономикалық қатынастар тиімді» екенін айтады.

- Қытай өзін «кіндік ел» ретінде қарайды. Экономикалық амбиция болған жерде оның геосаяси зауалы болмауы мүмкін, - дейді саясаттанушы.

2013 жылы күзде Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ресми сапар шеккен кезінде Қытай президенті Си Цзиньпин «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «21-ғасырдағы теңіз жібек жолы» жобаларын біріктіретін «Бір белдеу – бір жол» бастамасын көтерген. Бұл бастаманың ажырамас бір бөлігіне айналған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль жолының негізгі бөлігі, яғни 8445 шақырым көлік дәлізінің үш мың шақырымға жуығы, Қазақстанда салынып жатыр. Ал жылына 20 миллион тонна мұнай өткізе алатын Батыс Қазақстанды Батыс Қытаймен жалғайтын «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» және «Атасу – Алашанькоу» мұнай құбырлары жүйесі 2013 жылы аяқталған.

Дереккөз: Азаттық

Сұхбат

PhotoRoom