БЖЗҚ қаржысын Әзербайжанның проблемаға тап болған банкіне салуға қатысты мәселеге Ұлттық банк жауап беруі тиіс

Жаңалықтар
18.05.2017, 12:56

18

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева БЖЗҚ қаржысын Әзербайжанның проблемаға тап болған банкіне салуға қатысты комментарий берді. Tengrinews.kz сайтындағы интернет-конференцияда сауалдарға жауап берген Наурызбаева БЖЗҚ мен оның басшылығы қорда жинақталатын зейнетақы активтерін басқару және қандай да бір қаржылық тетіктерді сатып алуға қатысты шешім қабылдамайтынын айтқан. Оның сөзінше, БЖЗҚ активтерін инвестициялау мәселесімен Ұлттық банк шұғылданады. "БЖЗҚ бұл мәселе бойынша толық ақпаратты Ұлттық банктен сұрауға кеңес берді" деп жазды Tengrinews.kz.

Өткен аптада Әзербайжан халықаралық банкі шетелдік кредиторлардан алған қаржысын төлеуді тоқтататынын хабарлаған. Батыс елдерінің ақпарат құралдары банктің АҚШ-сотына банкрот болатыны туралы өтініш бергенін хабарлаған. Бұдан соң қазақстандық кейбір экономистер әлеуметтік желілерде Қазақстан БЖЗҚ-ның 71 миллиард теңгеден астам (шамамен 255 миллион доллар) қаржысы Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына салынғанын хабарлаған.

17 мамырда парламент мәжілісінің бір топ депутаты үкімет пен Ұлттық банкке БЖЗҚ қаржысын инвестициялауға қатысты сауал жолдаған. Депутаттар сауалда Әзербайжан халықаралық банкіне салынғаны туралы ақпаратты тексеріп, қор қаржысын банкке инвестициялау туралы шешім шығаруға қатысы бар лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды сұраған.

Сұхбат

PhotoRoom