Мәжіліс Түркі Академиясын құратын құжатты мақұлдады

Жаңалықтар
17.09.2014, 11:47

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Палата депутаттары «Түркі академиясын құру туралы Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған келісімге сәйкес, тараптар Түркітілдес мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің аясында халықаралық ұйым нысанындағы Түркі академиясын құрады. Ал Түркі академиясының негізгі мақсаттары мен міндеттері түркі тілдерінің, әдебиеті мен мәдениетінің диахрондық зерттеулерін сақтауға, дамытуға және кеңінен пайдалануға бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру және жәрдемдесу болып табылады. Бұдан бөлек, халықаралық академия түркі халықтарының мәдени және рухани мұрасына, олардың әлемдік өркениетті дамытуға қосатын үлесіне зерттеулер жүргізуді, ортақ көне мәтіндер мен ауызекі дереккөздерді қоса алғанда, түркі тілдерінің бүкіл әлеуетін пайдаланып, барша түркі халықтары үшін ортақ әдеби тіл жасауға ұмтылуды, барша түркі тілдері үшін қолданылатын жинақталған әліпби әзірлеу мәселелерін қарастыратын болады.

«Түркі академиясы ғылыми-зерттеу орталығы Астанада 2010 жылы Қазақстан мен Түркия Республикаларының Мемлекет басшыларының қатысуымен ашылды. 2012 жылы Бішкек қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер кеңесінің екінші саммитінде Түркі академиясын халықаралық ұйым ретінде құру туралы келісімге қол қойылды», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда аталған Келісімді Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркия ратификациялаған. Келісімнің шарттарына сәйкес, оған қатысушы тараптар міндетті жарналар төлейтін болады. Олардың мөлшері Түркі Кеңесі Сыртқы істер министрлерінің кеңесі қол қойған жекелеген хаттамада айқындалады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Сұхбат

PhotoRoom