Әдебиет пен өнер жөніндегі ұлттық кеңес құрылады

Жаңалықтар
22.09.2014, 11:04

Елімізде әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен үкіметтік сағатта ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. 

«Туындап отырған мәселелерді мәдениет саясаты тұжырымдамасының аясында көзделіп отырған беделді консультациялық кеңесші орган – әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құру арқылы жылдам шешуге болады. Егемендік алғаннан бері не Президент жанынан, не Үкімет басшысы жанынан бірде-бір осындай кеңес құрылған жоқ. Ұлттық кеңестің кімнің жанынан құрылатыны, әрине, Елбасының құзырында. Осы кеңесті құратын болсақ, жұмысымыз алға басып, өзекті мәселелерді тікелей жеткізе аламыз. Кеңестің құрамына депутаттар, үкімет мүшелері, көрнекті шығармашылық тұлғалар, шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдарының жетекшілері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және бизнес қауымдастығының өкілдері кіреді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Алматыдағы резиденциясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Сәбит Досановты қабылдаған болатын. Қаламгер кездесуден кейінгі өзінің сұхбатында "Елбасымызға айтқан бірінші мәселем ол – президенттің жанынан мәдениет жайлы ұлттық коммисия құрылса және сол коммисияны өзіңіз басқарсаңыз деген ұсынысым болды. Егер сол коммисия қоғамдық негізде жұмыс жасаса оған қаражаттың да қажеті жоқ" дегенін жеткізген болатын.

Сонымен қатар, тұжырымдамада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан театр және мұражай ісі жөніндегі шығармашылық кеңестерін құру қарастырылған. Толығырақ бүгін сағат 12-00де Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін брифингте айтылуы мүмкін.

 

Сұхбат

PhotoRoom