Рамазан айының алғашқы күнінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тыныс тіршілігімен танысты.
Министр балалар үйіне соңғы үлгідегі медициналық физиокабинетке арналған «Бином» медициналық құрылғысын сыйға тартса, өңір басшысы 20 тәрбиеленушіге «ЭКСПО -2017» көрмесінің билеттерін тарту етті.
«Мұнда балалардың ештеңеге алаң болмай өсуіне, оқуына, жалпы азамат болып қалыптасуларына барлық жағдай жасалынуы тиіс. Сондықтан мекеме қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылады»,- деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы. Ол сондай-ақ балалардың Астанадағы халықаралық көрмеге барып-қайту шығындарын да өз есебінен жүзеге асыратынын жеткізді.
Айта кетейік, бұл мекеме жыл басынан бері ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қамқорлығына алынған болатын. Қазіргі таңда мұнда 3 жастан 11 жасқа дейінгі 68 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленеді. Балалар үйінде оқу-тәрбие жұмысы толығымен қазақ тілінде жүргізіледі. Онда би, вокал, қол өнер үйірмелері жұмыс істейді. Үйірмеге 58 бала қатысады. Сабақтан тыс уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар оқу құралдармен толық қамтылған.