Бүгіндері Ресейдің Мемлекеттік Думасында Конституцияға өзгеріс енгізу үшін қол жинала бастапты. Өзгеріс, негізінен, Ресейдегі мемлекеттік идеологияға салынған тыйымды алып тастау және Ресейдің үстінен қарайтын халықаралық құқық алғышарттарын шектеуді қамтиды. Мұның барлығы Путин саясатын қолдау үшін жасалып жатқан секілді. Тіпті, осыған байланысты 27 қыркүйекте Ресейдің әр қаласында «Антимайдан» шеруі өтіп, билік құрылымы мен БАҚ-тағы ұлт сатқындарымен күрес басталатындығы жарияланбақшы. Бұл шеруді өткізуге «Ұлт-азат етуші қозғалысы» биліктен рұқсат алған көрінеді. Оған қатысушылар америкалық құндылықтарға наразылығын, мемлекетке ұлттық идеологияны қайтаруды талап ететінін жоспарлап отыр. Аты аталған қозғалыстың сайтында шеруге 200 елді-мекен қатысатындығы, Ресей егемендігін жақтаушылар президент Владимир Путиннің саясатын қолдайтынын білдіретіндігі жазылған. Сондай-ақ осы күні басқа мемлекеттердің де азаматтары көшеге шығады деп уәде етіліпті. Олар - Германия, Белоруссия және Қазақстан. Бұл туралы ресейлік «Независимая газетаға» «Антимайданды» ұйымдастырушылардың бірі Василий Веселов мәлім етіпті. Бізді осы арасы елең еткізді. Көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан өзге елдің ішкі мәселесіне араласпайтындығы белгілі. Тек ресми ұстанымы сұралғанда ресми жауап беріп отырады. Осы жағынан алғанда, ел атын жамылып, бізде өзге мемлекеттің сойылын соғып, көшеге шыққалы жүрген кімдер деген заңды сауал туындайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Ресей кез келген мемлекет секілді халықаралық құқық алдында көптеген міндеттеме алған. Міне, бұл өзгеріс халықаралық қауымдастық алдындағы осы жауапкершіліктерінен жалтаруына мүмкіндік беруі тиіс. Демек, бұл демократияға қайшы әрекет. Қалай дегенмен де мұны Путин режимін сақтап қалу үшін жасалып жатқан қам деп есептеймін. Кеше ғана жексенбіде Ресей президенті саясатына қарсы қалың бұқара көшеге шықты. Бұл Путин рейтингісінің ел ішінде де түсіп бара жатқанын байқатады. Сарай маңында да бірдеңе боп жатқан болуы керек. Бұл іске Қазақстаннан осындағы орыс ұлты қолдау білдіріп көшеге шығуы мүмкін. Бірақ көп емес. Бізде адамдардың өз ойын ашық білдіруіне құқық берілген. Сондықтан бұл іс заңсыз боп табылмайды. Жалпы, одан бізге келіп-кетер дәнеме жоқ деп ойлаймын.
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– Парламентке жыл бойына неше түрлі заң жобасы, түрлі ұсыныстар келіп түсіп жатады. Бірақ оның барлығы бірдей қабылдана бермейтіндігі белгілі. Мұны да сол секілді қоғам тарапынан қолға алынған бір ұсыныс деп білемін. Путинге қазір қолдау ауадай қажет. Осыны ұтымды пайдаланып, өзінің мәртебесін бір асырып алғысы келетін саясаткерлер де баршылық. Меніңше, бұл өзгеріс Конституцияға енгізілмейді. Өйткені Ресейдің идеологиясы көпжақты, бұл құрамындағы федерацияларға тікелей байланысты. Онда бірыңғай идеологияны жүргізу өте қиын. Ал "Қазақстаннан да көшеге шығатындар бар" деп жәй айтыла салуы мүмкін ғой. Қазір ондай арандатушылық фактілер, әсіресе әлеуметтік желіде жиі бой көрсетіп жүр.
Кеңес Сманов, саясаттанушы:
– Конституциямен бекітілген идеология болмаған соң ол үшін жазалау да болмайды. Меніңше, осы өзгерісті енгізушілер Путин саясатына қарсы келушілерді жазалауды күйттейді. Ал бұл адамның еркіндік құқығын шектейтін бірден-бір норма боп шыға келеді. Қалай дегенмен де бұл мәселе Ресей қоғамында жиі көтеріледі. Мысалы, былтыр Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Конституцияға бірыңғай мемлекеттік идеология туралы өзгеріс енгізілмейді деп турасын айтқан. Бұлай етсе Ресей федерациялары мұндай жағдайда тікелей қысымға ұшырап, бұл Қызыл Кремльдің өз-өзіне кескен үкімі болар еді. Сондықтан бұл жолы да мұндай ұсыныстың жолы болмайды деп ойлаймын. Ал халықаралық құқық нормаларынан бас тартуы әбден мүмкін. Өйткені Ресей халықаралық тәртіп орнату процесінде тәуелсіз ойыншы боп саналады.
Еске сала кетелік, елдің бас заңына енгізілмек бұл өзгерістің авторы Мемлекеттік Дума депутаты Евгений Федоров. "Ұлттық идеология құратын уақыт жетті. Біз Ресей конституциясының, мемлекетінің, үкіметінің үстінен қарайтын барлық халықаралық нормалар мен ережелерді алып тастаймыз. Өзгеріс толықтай дайын, енді оған кем дегенде 90 депутаттың қолы керек" деп мәлімдеген ол осы құқықтық өзгеріске қатысты пікірінде.
Автор: Кәмшат Сатиева