Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР-ның Польшадағы елшісі қызметіне Марғұлан Баймұханды тағайындады. Ашық ақпарат деректеріне сәйкес, Бамұхан бұрын Қазақстанның Польшадағы елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды", — делінген Ақорданың хабарламасында.
Қазақстанның Польшадағы бұрынғы елшісі Алтай Әбибуллаев мемлекеттік қызмет туралы заңды бұзғаны үшін қызметтен босатылған. Әбибуллаевтың қызметтен босатылу себебі коммерциялық қызметке араласу әрекеті болған.
Кейіннен Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов уәде еткендей, Әбибуллаевтың тәжірибесі мен сыртқы саяси ведомствоның жұмысына қосқан үлесін ескере отырып, оған сыртқы істер министрлігінің жүйесінде басқа қызмет ұсынылды.