Қаржы полициясынан қалған құзірет бөлініп жатыр

Жаңалықтар
24.09.2014, 11:46

Мемлекеттік басқару жүйелерін одан әрі жетілдіру жөніндегі Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жаңа заң жобасы әзірленді. Ол бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

«Осыған байланысты заң жобасымен жаңадан құрылатын Агенттікке (Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар, ал Қаржы министрлігіне экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тергеу жөніндегі функциялар беріледі. Бүгінгі күні қаржы полициясы органының тікелей тергеуіне сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 16 бабы жатқызылған. Ал заң жобасымен жемқорлыққа қарсы қызмет саласына сол қылмыстарды тергеумен қоса, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бөлігіндегі қылмыстың 17 құрамы да беріледі. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстардың үш бабы бойынша ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен бірлескен балама тергеулер қарастырылған», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Оның сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігі экономикалық және қаржылық қылмыстардың 35 бабы бойынша істерді тергейтін болады. Бұл ретте агенттіктің және Қаржы министрлігінің тиісті бөлімшелеріне құқық қорғау органының мәртебесі берілетін болады.

Жалпы алғанда заң жобасымен 15 кодекс пен 66 заңға түзетулер енгізіледі.

Сұхбат

PhotoRoom