үркістанда түйеқұс өсіру табысты кәсіпке айналып отыр. Жергілікті тұрғын Нәліпан Мырзақұлов өз ауласында Қазақстанда сирек кездесетін құстың осы түрін өсіруде. Әзірге балапан кезінен бағып-қаққан 17 бас құсы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Шаруаның сөзінше қанаттылар жабайы болғанымен, Түркістанға тез жерсінген. Шөлді жерлерде де төзімділік танытады. Жем-шөбін уақытылы берсе, пайдасы да көл-көсір. Жұмыртқасының бір данасы 5 мың мен 10 мың теңге шамасында саудаланады. Мамандардың сөзінше, бір жұмыртқамен 20 адамды тойдыруға болады. Холестеринсіз еті жүрек ауруына да пайдалы екен. Бұл құстар шамамен 40-50 жылдан астам өмір сүретіндіктен тұрақты кәсіпке арқау. Сондықтан шағын бизнеске тек Мырзақұловтар отбасы ғана емес, Түркістан жұрты қызығушылық білдірген. Қазір жақсы істі көруге келушілер көбейген. Нәліпан Мырзақұловқа шаруасын дөңгелету үшін Түркістаннан Отырарға барар жол бойынан 10 соттық жер телімі мемлекет тарапынан берілген. Мұнда түйеқұстардан бөлек, 10 тауыс өсіріледі. Азаматтың жоспары айқын. Күре жол бойынан арнайы зообақ ашып, қазақ баласына таңсық кәсіпті одан әрі дамытқысы келеді. Ерекше тіршілік иесінің тұқымын көбейтіп, оны кәсіп көзіне айналдырғысы бар. Алайда, бұл шаруашылыққа мемлекеттен қолдаудың болмауы қолбайлау екен. «Мемлекеттен тауыққа, үндікке және жұмыртқаға субсидия беріледі екен. Ал осы түйеқұсқа келген кезде субсидия жоқ. Біз бұл шаруашылықты дамытқымыз-ақ келеді. Бірақ оған мемлекеттен көмек болса дейміз», - дейді Нәліпан Мырзақұлов.