ТӨЛЕБИЛIКТЕР ЭКСПО ҚОНАҚТАРЫН КҮТЕДI

Жаңалықтар
13.06.2017, 17:39

ЭКСПО-2017 халықаралық көрме қонақтары үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысы ерекше туристiк аймақ ретiнде белгiленген. Яғни көрмеге келген қонақтар үшiн облысымызда 3 және 5 күндiк туристiк маршрут жасалған-ды. Олардың қатарында табиғаты тамаша Төлеби ауданы да бар.e13389bd1ee5b00c34eed87507c64e4a_L

Құт қонып, береке дарыған ауданның саф ауасы, тұмса табиғаты келушiлердi қызықтырмай қоймайды. Әрине, ауданда киелi орындар мен демалыс аймақтары жетерлiк. Аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнiң басшысы Мұхтар Өсербаев туристер үшiн үш күндiк маршрутқа 15 нысанды белгiлеп қойғанын айтады. Олардың қатарында Қазығұрттың басына тоқтаған Нұһ пайғамбардың кемесiмен байланыстыра айтылатын Ғайып Ерен Қырық Шiлтен және «Көздi ата», «Жылаған ата», «Мыңшейiт», «Сулы үңгiр», «Жаңғақты» сынды әулиелi жерлер мен Ақмешiт шатқалы, Сусiңген көлi, аудандық мұражай мен сурет галереялары бар. Бүгiнде аталған нысанға баратын жолдың бойына сiлтегiштер қойылып, қонақтарға барлық жағдай жасалған. Бұл туралы "Оңтүстік Қазақстан" газеті жазады.

Суретшiлердiң отаны атанып кеткен Төлеби ауданынан ҚР Суретшiлер одағына мүше 37 танымал қылқалам шеберiнiң шыққаны белгiлi. Осы ретте туристердiң бас сұғар бiрден-бiр орны ол – көркемсурет галереясы. Аудан орталығы Ленгiр қаласында орналасқан галереяда осы өңiрден шыққан суретшiлердiң айтулы туындылары қойылған. Өнертанушы Шара Тұрғаналиеваның айтуынша, мұнда қылқалам шеберлерiнiң түрлi тақырыптағы туындылары көрiнiс тауыпты. Мәселен, елiмiзге танымал қылқалам шеберi Ерболат Төлепбай Сальвадор Далидiң техникасымен көркемдiк форманы абстрактiлi түрде салуға машықтанған. Оның «Қыз ұзату» картинасынан түрлi-түстi бояу арқылы ұзатылып жатқан қыздың көңiл-күйiн және келiн болып түскеннен кейiнгi өмiрiн анық аңғаруға болады. Қылқалам шеберiнiң бұдан басқа да осындай тәсiлмен ұлттық дәстүрiмiздi дәрiптейтiн көптеген туындылары қойылған. Ал, гобеленшi Құрасбек Тыныбеков пен Әсет Әлсейiтовтiң шығармалары табиғатты терең бейнелегенiмен ерекшеленедi. Өмiртай Лесбековтiң картиналары дiни тақырыпта өрбидi. Оның «Жұмақ пен тозақ» атты туындысынан бұл екi жолды адам баласының өз қолымен таңдайтыны ишараланады. Сондай-ақ, Мұрат Абдуллаевтың 44 бейненi бiр ағаштың тамырына сыйғызған құдiреттi өнерiне де бас имеу мүмкiн емес. Бiр туындыдан күй атасы Қорқытты, Томирис ханшайымның жаугершiлiк тұстағы бейнесi, Сұлтан Бейбарыс, Қ.А.Ясауи кесенесi мен оны салдырған Әмiр Темiрдiң сұлбасы, үш би мен пирамида белгiлерiн таба аласыз. Ағаш ою өнерiн бойына дарытқан дарын иесiнiң тума талант болғанын оның көркем дүниелерi айғақтап тұр.

Халықаралық көрмеге келушiлердiң табиғаты ерек Төлеби ауданына жолы түссе киелi орындар мен демалыс аймақтарынан бөлек әлемдiк деңгейде танымал қылқалам шеберлерiнiң туындыларымен танысып қана қоймай, дала табиғатының тылсым сырларына терең қанығары сөзсiз.

Сұхбат

PhotoRoom