Нұрдәулет – зергер. Оның бұл iстi қолға алғанына жетi жылдың жүзi болыпты. Негiзiнен әйелдер әшекейлерiн – сырға, алқа, бiлезiктер жасайды. Зергер жiгiт бүгiнде Түркiстан қаласының қолөнер шеберлерi мектебiнде ұстаздық етiп, шәкiрттерiне зергерлiк өнердiң қыр-сырын үйретуде.
Нұрдәулет Аманқұлов – бiрнеше республикалық қолөнершiлер байқауының жеңiмпазы. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Шебер–2015» байқауына қатысып, «Дарынды бастау» номинациясына ие болған. Ал, биыл «Ата-баба салтын сақтаймыз» атты мұғалiмдер арасында өткен конкурста I дәрежелi дипломмен марапатталды.
Бiздiң кейiпкерiмiз бiрер күнде Астанаға жол жүрмекшi. ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесiнде өз бұйымдарын шетелдiктер назарына ұсынып, туристердi бай мәдениетiмiзбен таныстырмақ.
Аманқұловтың айтуынша, өткiзiлгелi отырған айтулы шара жас мемлекетiмiздiң абыройын асырып, әлем алдындағы беделiн асқақтататын аса маңызды оқиға болмақ. Дөңгеленген дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен ат сабылтып келген меймандарды жақсылап қарсы алып, оларды қазақ халқының кең пейiл дархандығымен, ұлттық дәстүрiмiзбен, ерекше өмiр салтымызбен таңдай қақтыртуымыз керек дейдi.
Ұста жiгiт қолөнер туралы сыр шерте отырып, бiзге ертеректе зергерлер соққан қымбат жүзiк жайлы айтып бердi. Ол «Құдағи жүзiк» деп аталады екен. Бұрын құда мың жылдық болсын деген ниетпен адамдар бұл жүзiктi бiр айғырдың құнын төлеп соқтыратын болыпты. Кейiпкерiмiздiң айтуынша, қазақтың қолөнер бұйымдарына шетелдiк азаматтардың қызығушылығы зор. Әсiресе, өзге елдерден келген туристердi ұлттық әшекей бұйымдардың тарихы, әрбiр ою-өрнегiнiң қандай мағына беретiнi қатты қызықтыратын көрiнедi.
Әңгiме соңында Нұрдәулет барша отандастарымызды ел тарихының шежiресiнде алтын әрiптермен жазылып қалатын халықаралық көрменi тамашалауға шақырды,-деп жазады Оңтүстік Қазақстан газеті.