ЭКСПО көрмесінің символикалық орталығы «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонын күніне мыңнан астам адам аралайды екен. Мұнда әлемнің 13 елінің 24 жобасы қойылған. Күн мен жел түгілі, мұздан да қуат көзін алу амалын тапқан инноваторлардың идеялары ұсынылған. Электр тоғымен жүретін самокат, күн энергиясымен жүретін рикшаларға дейін бар. Үздік тәжірибелер павильонында жаңғыртылған энергияны өндірумен қатар сақтау жобалары да ұсынылған. Жүздеген елдің ішінен 13-інің идеясы іріктелген.
Мерей Әмедиаева, «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонының әкімгері: -Бұл жобаларды көрменің халықаралық комитеті мен Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу таңдады. Павильондағы кей идеялар болашақта Қазақстанда пайдаланылмақ.
Италиялықтар теміржол шпалдарына күн панельдерін орнатып, іргелес станцияларды жарықпен қамтуды ұсынып отыр. 1 шақырым рельс шпалдары 150 киловатт электр қуатын өндіре алады. Шпалдар пластик пен резеңкеден жасалған. Ал АҚШ ағынды батареялардың жаңа нұсқасын жасап шығарған.
Индира Жылқайдарова, тілші: -Ағынды батареяның екінші буыны күн панельдері мен жел энергиясын күніне 5-7 сағат өзінде сақтап, үш зауыт немесе бірнеше тұрғын үйді электр қуатымен қамти алады. Батареяның 85 пайызы судан тұрады, 15 пайызы – мырыш пен брамин. Мұндай жүйе Қазақстанда Қапшағайда орнатылған. Жаңа құрылғы енді Ерейментауға да қойылмақшы.
Жаздың жылуын жинап, қыста тұтыну амалын немістер тауыпты. Мұз қойма 10 текше метр суға толтырылып, жер астына 6 метр тереңдікте орнатылып, антифриз арқылы геотермалды энергия алынады. Ал жазда ауа салқындатқыштың жұмысына сеп. Испания павильонға биоэнергия жобасын қойыпты. 100 гектар жерге егілген гүлдерден 1 тұрғын үйді жарықпен қамтуға болады. Ол үшін өсімдіктің тамырына мыс пен графиттен жасалған панельдер бекітіледі. Павильон аумағында кәдімгі телефон секілді қуатталатын самокат та бар. Толық батареямен 50 шақырым жол жүресіз. Жылдамдығы – сағатына 25 шақырым.
Қайрат Байжанов, EXPO-2017 көрмесінің жол нұсқаушы маманы: -Экологиялық таза, ешқандай зиянды газ бөлмейді. Лицензиялық батареялармен жұмыс істейді. Қимылды түсінетін қозғалтқышы бар, күшпен алға итерсеңіз, жүре кетеді.
Күн қуатымен жүретін рикшалар да әкелінген. Германия әкелген күн күймесін мінген қонақтар мәз-мейрам. Арба тек күн батареясымен жүреді.
Дерек көз: khabar.kz