Бүгінде табиғат ресурстарының энергиясын тиімді пайдалану таңсық құбылыс емес. Қазіргі уақытта электр қуатын қажет етпейтін түрлі құрылғылар пайда болып, адамға қызмет ете бастады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің қалдықтарынан биогаз алу немесе күн сәулесі арқылы таза оттегі шығару секілді тың жаңалықтар көпшілікке жетті. Сонымен қатар ауадан таза су алу әдісі де тиімді жүзеге аса бастады. Бұның бәрі адамзат баласының ақыл-ойы тоғысқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде көпшілік назарына ұсынылды.
Қанат Базылхан, тілші: - Ғаламшарда судың мөлшері көп болғанымен, оның ішінде ішуге жарамдысы өте аз мөлшерде. Қазір бұл проблема шешілді десек те болады. Мысалы, мына құрылғы ауадан таза су алуға арналған. Яғни ауаны салқындату арқылы күніне 20 мың литр таза су алуға болады. Сонымен қатар бұл құрылғының тағы бір ерекшелігі лайланған, ащы және тұщы суларды да буландыру арқылы күніне 150 мың литрге дейін таза су бере алады. Жалпы Нидерланд технологиясы ешқандай электр энергиясын қажет етпейді. Тек желден қуат алады. Сонысымен тиімді. Қазіргі уақытта БАӘ, Африка елдері және Канадада қолданыста.
Бұрын ауылшаруашылық қалдықтары мен түрлі жеміс ағаштары тек жылуға қажет болса, қазір жаңа технологияның көмегімен олардан биогаз алуға болады. Синтетикалық метан ретінде қолданылатын өнімнен жанар май да алынады. Мысалы, үш келі биомасса бір литр бензиннің өтеуін береді.
Маржан Ашханова, көрме маманы: - 20 клв сағатына жылуды және 40 клв сағатына электр энергиясын өндіре алады. Екінші артықшылығы бұл синтетикалық метанды қолданғандықтан ауадағы көмірқышқыл газын 40 пайызға дейін аз өндіреді. Соның нәтижесінде біз табиғатты қорғап қала аламыз. Және ауылшаруашылық қалдықтарын екінші өңдеуге жібере аламыз. Ал бұдан кейінгі қалған қалдықтарды тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.
Үздік тәжірибе алаңындағы жетістіктің бірі - өкпе қабынуын емдеуге қажетті оттегі алу әдісі. Күн сәулесімен қуаттанатын құрылғы қазір көптеген елдерде қолданысқа енгізілген.
Ұлжан Асыл, көрме маманы: - Бұл аппараттың көмегімен біз тек күн энергиясын қолдана отырып, оттегіні шығара аламыз. Бұл құрамы да өте қарапайым: күн паннельінен және батарейкадан құралған. Сосын оттегінің концентратыры, бұл жерде таза ауаны энергия көмегімен тазартып оттегіні пациентке жеткіземіз.
Ақыл-ойдың жетістігі тоғысқан ЭКСПО-2017 көрмесінде баламалы қуат көздерін алудың түрлі жолдары көрсетілген. Қазір әлем жұрты экологиялық таза, қалдықсыз өндіріске көшіп жатыр.
Ақпарат көзі: 24.kz