Елімізде 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, оның 767 шақырымы пайдалануға берілді.
Жобаны жүзеге асыру үшін 75 мың адам жұмылдырылды. 2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып (Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана–Петропавл және Орал-Каменка), жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 100 мың адам жұмылдырылады.
Ал, көлік саласындағы қызмет көрсетуге тоқталатын болсақ, бұл бағыттағы қызмет көрсету көлемі өткен жылы 3,8%-ға өскен. Сондай-ақ, логистика тиімділігінің халықаралық рейтингінде Қазақстан 88 орыннан 77 орынға көтерілді. Мәселен, Қытай-Еуропа-Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есеге өсіп, 104,5 мың контейнерді құраған.
2017 жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр. Айта кетейік, Қазақстан аумағы арқылы 11 бағыт бойынша шамамен 100 контейнерлік пойыз өтеді.
Транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетті. Осы жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарланған. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытта қатынайтындар құрайды.