Әлемдегі ең төзімді, темірден берік, тоқ өткізгіштігі жоғары графен материалын бүгін ЕХРО кешенінде британ өнертапқыштары таныстырды. Бұл – Манчестер университеті ғалымдарының 2004 жылы ашқан жаңалығы. Олар графенді графитті үгіту арқылы алған. 2010 жылы бұл еңбегі үшін ғалымдар физикадан Нобель сыйлығына ие болған. Графенді электр шамдарында қолдануға болады. Ол шыныны қыздырмайды. Нәтижесінде шам 8 жыл бойы жанып тұрады. Бір тал шаштан да жіңішке графенмен рояльдің салмағындай затты көтеруге болады. Болашақта ғалымдар бұл материалды көптеген салада қолданамыз деп отыр. Оның ішінде ұшақ жасауда да пайдалану жоспарда бар. Себебі графен өте жеңіл әрі иілгіш.
Графит Менделеев кестесіндегі №12 көміртек болып саналады. Оның бірнеше түрі бар. Олар – алмас, графит, фурелен, нанотүтікше және графен болып жіктеледі. Осыдан-ақ бір графиттен қаншама зат алуға болатынын байқаймыз. Көміртектің алты бұрышты бензол сақинасынан тұратын қабатын графен деп аталады.
Иэн Коттон, Манчестер университетінің профессоры: – Біз Қазақстанға серіктес іздеп келдік. Назарбаев Университетінің ғалымдарымен сөйлесіп, олардың қызығушылығын байқадық. Бұл материалды негізі көп салада қолдануға болады. Қазақстан үшін де ол пайдалы болады деген сенімдемін.