23 маусым – ҚР мемлекеттік қызметшілер күні
Қазақ халқы үшін атадан балаға жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы қашанда айрықша мәнге ие. Себебі, кез келген адам алдыңғы аға буыннан көргенін көкейге түйіп өседі. Менің де құқық саласына деген қызығушылығым «Әке көрген оқ жонар...» деп қазақтың ғибратты тәмсілінде айтылғандай, әділеттің ақ туын көтерген ата жолынан бастау алады. Тегінде, құқық саласының кәсіби маманы болу деген ақжолтай арманның кірпіші сол отбасындағы тәлімді тәрбиеден қаланды. Атасы Өміртай көп жылдар бойы Келес аудандық сотының төрағасы ретінде заңның үстемдік құруына ғұмырын арнаса, әкесі Алтай бүгінде Ордабасы аудандық сотының судьясы қызметінде. Осындай заңгерлік әулеттің тәлімін алып, бүгінде өзі де бірліктің ордасы атанған Ордабасы ауданы әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы ретінде қызмет етіп келеді.
Жалпы, әркімнің туған жері – Мысыр шаһары дегендей, Сарыағаштың Абай ауылы балалық балдәурені өткен жер. Ұлы ақынның есімін иеленген әр тұрғыны еңбекқор ауыл келешегіне бағдар сілтеген қасиетімен құнды. Алайда, осында өсіп, Абайдан түлеуді тағдыр жазбапты. Отбасының қызмет бабына орай Ордабасы ауданына қоныс аударды. Аудан орталығы Темірлан ауылындағы Аманкелді жалпы орта мектебінің табалдырығын аттап, таудай талаппен осы білім ұясын аяқтады. Алдымызда - сан тарау, арман жетегі алысқа шарлайды. Түбі заңгер болам деген ақеділ ниет алып-ұшып Шымкент шаһарындағы ұлы Мұхтар Әуезовтың есімін алған университетке жетеледі. Төрт жыл талмай білім ізденіп, 2012 жылы осы оқу ордасынан құқықтану маммандығын игеріп шықты.
Ата-бабаларымыз «Жас келсе - іске» деп, өскелең ұрпағының алдағы мұратына ақжол тілескен. Оның да осы мұрат жолындағы алғашқы баспалдағы жастар практикасынан басталды. Елбасының еліміздегі жастарға деген осы қамқорлығы талай жастың қанатын қатайтып, өмірге деген құлшынысын арттырды. Елінің ертеңін көркейтсем деген талапты жастың талайына баянды бағдарламаның шарапаты тиді. Бұл бағдарлама біріншіден, төрт жыл теориялық білімге қаныққан жасты практикалық тұрғыда шынықтырса, екіншіден, жұмыс таппай сенделген өндірдей жастардың сенімін шыңдап, келешегіне жол ашты. 2012 жылы осы жастар пактикасының жолдамасымен Ордабасы аудандық мәслихат аппаратында еңбек жолын бастады. Сөйтіп, қызмет дейтін сан тараулы өмір сабағының алғашқы парақтары ашылды. 2013 жылдың қазан айына дейін осы мекемеде аудармашы қызметін атқарды. Ал, сол жылдың қазан айында мемлекеттік сынақта оң нәтиже көрсетіп, аудан әкімі аппаратының заң бөліміне бас маман ретінде жұмысқа қабылданды.
Мемлекеттік қызметші-халықтың қызметшісі. Алғаш қызметке кіріскеннен бастап, осы ғибратты санасына берік орнатуға тырысты. Бұл санада бір күнде жаңғыратын нәрсе емес. Бұл аға буынның тәлім-тәрбиесі мен өзіңнің болмыс-бітіміңмен ұштасатын қасиет. Ең бастысы, заман тудырған соны үдерістер бізден осы қасиетті талап етуде. Бұған бір жағынан Елбасының «100 нақты қадамға» негізделген Ұлт Жоспарының берер әсері мол. Ондағы алғашқы реформа – елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған. Санасы сергек, ойы озық кәсіби мамандар – мемлекеттік қызметтің локомотиві іспетті. Бұқара мен билік арасының дәнекері саналатын мемлекеттік қызметшілердің бұл бағыттағы жұмысы ерен деуге болады. Реформа басталғалы иіні қанбаған талай істердің көбесі сөгіліп, ілгерідегі сарытап көзқарастар жаңа заманға бейімделу үстінде. Қазір кез келген мемлекетік қызметшінің білімі мен білігіне сай өсуіне, қызметте жоғарылауына жағдай қарастырылған. Оқимын деген талапты қызметшілерге елімізбен қатар шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруіне болады. Ол үшін мемлекет барлық мүмкіндік қарастыруға әзір. Ол да осы талапқа сай болу үшін білім мен біліктілікті ұштастырып, халықтың үдесінен шығуды алдыңғы орынға қойып отыр.
Облыс көлемінде өткізілетін түрлі шараларға белсене қатысып, тәжірибесін тасыта түсуді көздеген. Осының арқасында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының «Айтарым бар» хабарына қатысып, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау жөніндегі өзекті мәселелер туралы ұтымды ойларын білдірді. Мұндай еркін сұхбаттар әрбір мемлекетік қызметшінің тынысын ашып, кәсібіне деген құштарлығын арттыра түсері сөзсіз.
Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің ынтасы мен жұмыс өнімділігін арттыруға бағыталған «Үздік мемлекетік қызметші» конкурсына қатысты қанатқақты жобасына тоқтала кетсек.
Мәселен, Асқар есімді қатардағы мемлекеттік қызметшіні алайық. Оның тек өз өңірінің ғана емес, басқа да облыстардағы және орталық атқарушы органдардағы әріптестерімен пікір алмасып, жүздескісі келеді. Алайда, бізде осыны жүзеге асыратын тетік жоқ. Тек мұндай мүмкіндік ҚР Президент аппараты жанындағы Мемлекетік басқару академиясында бар. Себебі, жан-жақтан ағылған мемлекетік қызметшілер осында ғана бас қосып, кеңірек ой тарқатуына мүмкіндігі бар.
«Ал, менің ұсынып отырған «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсы әріптестерімді жиі жақындастырудың амалы. Өйткені, кабинеттік шеңберден шықпау – қайсыбір мемлекетік қызметшінің кәсібилігін арттырмасы анық. Сондықтан аталған жоба ой еркіндігі мен тәжірибе жинақтаудың ілкімді жолы деуге болады», - дейді Абылай.
Сайып келгенде, елге қызмет – келелі міндет. Осыған сай болу әрбір мемлекетік қызметшінің парызы болмақ. Бұл орайда қазір өзі бағын сынап жатқан «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсының маңызын айрықша жеткізгісі келеді. «Талаптың мініп тұлпарын» демекші, осы конкурстың құқықтық және кадрлық қамтамасыз етуге арналған номинация иегері атанып отыр. Бұл тек оның ғана емес, шырайлы оңтүстік өңірене берілген баға деп түсініп отыр. Астана қаласынан осындай мәртебелі номинацияға ие болу – алдағы жұмысыма жарқын шабыт сыйлайтынын ерекше атап отыр.
Түйіндей келе, Елбасы мемлекеттік қызметшілерге ерекше сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау – Абыйлай секілді жас мамандарға айрықша аманат жүктейді.