«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан мен Қытай байланысын нығайтты

Жаңалықтар
23.06.2017, 00:28

Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы бірін-бірі толықтырып, өзара әріптестіктің артуына сеп болды. Ляньюньган теңіз портының Президенті Чжу Сянян Хабар 24 телеарнасының Бейжіңдегі тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.30742640f8b962a61457c420f9e4ccec_L

Оның айтуынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті жыл санап артып келеді. Мәселен, 2015 жылы қазақ жері арқылы Еуропаға 2,5 мың жүк пойызы өтсе, былтыр бұл көрсеткіш 43 пайызға артты. Ал Ляньюньган «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арасындағы контейнерлік бағыт бұл көрсеткішті еселей түсетініне сенімді. Ляньюньган теңіз порты, «Қазақстан темір жолы» және «Коско» компаниясы «Қорғас-Шығыс қақпасын» бірлесіп дамыту жөнінде келісіп, тасымалдау жобасын іске асыра бастады. «Бұл «Бір белдеу, бір жол» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы ұштасып, жемісін бере бастауының нақты мысалы», – дейді Ляньюньган портының Президенті Чжу Сянян. Оның айтуынша, таяуда екі ел басшысы іске қосқан Ляньюньган порты және «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арасындағы контейнерлік тасымал Қазақстанның транзиттік қуатын арттырады.

Чжу Сянян, Ляньюньган портының президенті: -Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия елдері, Еуропаға немесе Орталық Азияға шығатын күре жол Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағыт біз үшін ең жақын әрі тиімді екенін білесіздер. Екі елдің басшысы ұсынған стретегиялық, инфрақұрылымдық жобалар өзара үйлесіп, өзара қарым-қатынас нығайды. Нәтижесінде Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстырып, сауда-саттық көлемі артуда.20160616080942

Ляньюнгань портынан Орталық Азия арқылы Түркияға, ал «Қорғас-Шығыс қақпасынан» Қытайдың Чэнду қаласына ашылған контейнерлік бағыт көліктік-логистикаға үлкен мүмкіндік береді. Қазақстан теңізге шығып, Еуразиялық кеңістіктегі логистикалық орталыққа айналып келеді. Былтыр Қытай-Еуропа бағытына 1800 контейнерлік пойыз өтті. 2020 жылға қарай оны 5 мыңға дейін арттыру көзделген. Осы қарқынмен келешекте Қазақстанның жылдық тасымалы 18 миллион тоннадан асатын мүмкіндігі бар.

Чжан Сяодун, Бейжің көлік университеті жанындағы көліктік тасымалдар институты директорының орынбасары: -Қазір Қазақстан арқылы жылына 8 миллион тоннаға жүк өтеді. Десе де, тариxтағы ең үздік көрсеткіш 18 миллон тоннаға жеткен еді. Демек, Қазақстан арқылы тасымалданатын тауардың көлемін арттыруға әбден болады. Бүгінде Қазақ елі инфрақұрылымдық жүйесін белсенді дамытып жатыр. Тіпті бұл тапсырма «Нұрлы жол» бағдарламасында нақты айтылған. Сондықтан болашақта Қазақстанның жылдық тауар тасымал қуаты 18 млн тоннадан асатын мүмкіндігі жоғары.

Сарапшының сөзінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен «Бір белдеу, бір жол» аясында теміржол тасымалының тарифін үйлестіру үшін кешенді шаралар жүргізу қажет. Сондай-ақ жүк поездарын өткізу бекеттерінде қолайлы жағдай жасау қажет. Қазірдің өзінде Қазақстан тарапы тәулік бойы кедендік рәсімдеу тәртібін енгізу жұмыстарын қарастырып жатыр.

Ақпарат көзі: .24.kz

Сұхбат

PhotoRoom