Әбдішевті қолдаушылар әлеуметтік желілерде акция бастады

Жаңалықтар
29.09.2014, 15:20

 

Қарағандылық оқырмандарымыздан келіп түскен мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қыркүйектің 26 күні Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық соты Бауыржан Әбдішевті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұрынғы әкімнің үстінен Қарағанды қаласының бір топ кәсіпкерлері жер бөлу мәселесінде заңсыздыққа барды деген шағым түсірген болатын.

Б.Әбдішевке ҚР ҚК 307-бабының 4-тармағына сәйкес лауазымын асыра пайдаланды деген айып тағылды. Сот отырысында экс әкім өзіне тағылған айыптармен келіспейтіндігін мәлімдеді. "Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін. Мен өзімді халыққа және президентке адал қызмет еткендердің қатарындамын деп есептеймін. Бар күш-жігерімді өңірдің өркендеуіне жұмсадым. Халық өзі дұрыс бағалайды деп ойлаймын», - деді ол сот отырысында. Аймақ басшысы 80 жастағы анасының ауруханада жатқанын, 11 жасар ұлының қант диабетімен ауыратындығын, қайтыс болған туған апасының қырқы берілмегендігін алға тартып, абақтыға қамау шарасын қолданбауды өтінді. Дегенмен, судья күдіктінің келтірген дәйектерін негізсіз деп тауып, тергеу амалдары біткенше уақытша қамау изоляторына жабылсын деген шешім шығарды.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде экс әкімге тағылған айып негізсіз деген жазбалар көбейіп кетті. Фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушылары Бауыржан Әбдішев ұлтжанды азамат деген пікірде. "Бауыржан Әбдішев Тәуелсіздік мерекесіне дейін Қарағандыда бас шыршаны орнатуға тыйым салған патриот әкім",-деп жазады Марал Дадиева атты қолданушы. "Бауыржан Түйтеұлы қазақ тілінде еркін сөйлейтін саусақпен санарлық әкімдердің бірі",-дейді танымал блоггер Айсұлтан Жақып. Блоггерлер Б.Әбдішев қазақ интернетін дамытуға қолдау білдірген азамат деп бағалайды. "Қазақ блогерлері құрылтайының Қарағандыда өтуіне осы кісінің қосқан үлесі зор деп білемін. Бұл бізге үлкен қолдау болды",-деп жазады астаналық блогшы Азамат Битан. Аймақ басшыларының ішінде шалғай ауылдарға ат басын бұрған бірінші әкім деп жазады Нұрлан Берікұлы атты қолданушы. "Мен ес білгелі облысымызға тағайындалған әкімдердің ішінде ең бірінші болып шалғайдағы Ақтоғай ауданында орналасқан әр ауылға барып халықтың мұң-мұқтажын білген әкім",-деп бөліседі Нұрлан. "Баукең не естеді?! Өз басым риза болған, Баукеңнің жасаған ісінің бірі және бірегейі Қарағандының төріне ту тікті! Жәй тікпеді, асқақтатып, аспандатып тікті. Қай заманда болмасын қазақ туын ешқашан төмен түсірмеген, рухын жықпаған. Соғыс болған уақытта да ердің басы жау қолында кетсе де, Елдің Рухы кетпесін, яки туымыз жау қолына түспесін!" - Қуаныш Медеубаев атты қолданушы. Қазіргі таңда қарағандылықтар "Бауыржан Әбдішевті қолдау" акциясы аясында фейсбуктағы аватарларына экс әкімнің суретін қоюды жалғастыруда. Марал Нұртілеу атты қолданушы акцияны жарты тәуліктің ішінде 20 шақты қарағандылық қолдады дейді. Бауыржан Әбдішев твиттерде парақша ашқан тұңғыш облыс әкімі. Сонымен қатар, экс әкім Қарағандының орталығындағы Ленин ескерткішін алдыртып тастауымен есте қалған басшы.

Естеріңізге сала кетейік, Бауыржан Әбдішев 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін Қарағанды қаласының әкімі, 2013 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың маусымына дейін Қарағанды облысының әкімі болып қызмет атқарды.

 

Сұхбат

PhotoRoom