ЭКСПО-2017 алғашқы жұмыс аптасында көрмеге 205 561 адам келді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы Директоры Бейбіт Қарымсақов баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанның ұлттық павильоны «Нұр-Әлем» келушілер арасында кең танымалдылыққа ие. Бұл туралы expo2017astana.com сайты жазды.
«ЭКСПО-2017-ның басты нысаны Қазақстанның ұлттық павильоны «Нұр-Әлем» болып табылады. Көрменің ашылу салтанатынан бастап мұнда 86500 рет келген. Айта кетсек, күн сайын ЭКСПО-2017 келушілерінің саны өсіп келеді. Көрме жұмысының алғашқы күні көрермендер санының көрсеткіші 17 000 жетсе, өткен демалыс күндерде келушілер саны 34 000 дейін артты. Көрме штаттық тәртіп бойынша жұмыс істеп жатыр. Штаттан тыс жағдайлардың барлығы дер кезінде шешілуде», - дедіБейбіт Қарымсақов.
Сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы Директоры Көрменің ашылғанынан бері 281 мәдени-сауықтыру және іскерлік шараның өткізілгенін, Мемлекеттер басшылары, министрлер мен халықаралық павильондардың комиссарларының қатысуымен 50 хаттамалық шараның өткенін хабарлады.
Өз кезегінде Коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев қазіргі кезде ЭКСПО-2017 Халықаралық тақырыптық көрмесіне 1 500 000 билеттің сатылғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, билеттік жүйе толық көлемде жұмыс істеп, ешқандай іркілістер мен түйткілдер жоқ. Барлық келушілер тексеруден тез және бөгелмей өтуде. Сонымен қатар Дәулет Еркімбаев Көрменің алғашқы күндерінде ЭКСПО-2017 аумағына жалған билеттер арқылы өту әрекеттерінің деректері анықталғанын айтып берді.
«9 күн ішінде Көрме билеттерін ұқсатып істеудің 200 дерегі анықталды. Біз қарапайым қолдан жасау, яғни электронды билеттеріміздің ксерокөшірмелері туралы айтып отырмыз. Келушілер осындай ксерокөшірмелермен өтуге әрекет жасаған, бірақ одан ештеңе шықпады. Бізде келушілердің кіруін бақылайтын интеллектуалды жүйе орнатылған, әр билет бірегей, оның қайталанбайтын сәйкестендіргіш нөмірі бар. Айта кетсек, қазіргі уақытта аумаққа жалған билеттермен өту әрекеттері азайды», - деді Дәулет Еркімбаев.