Жамбыл облысының әкімдігінде хабарланғандай, ауқымды акцияға қатысушылар жолда Жамбыл облысының Байзақ, Т.Рысқұлов, Мерке және Шу аудандарында аялдама жасаған.
Елордаға келе жатқан мәдени керуеннің келесі аялдамасы Мойынқұм ауданы. Ұлттық киім киген адамдар, салт аттылар керуенді этноауылда қарсы алды. Киіз үй қалашығында тұрғындар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен таныстырылды. Этноқалашық аумағында театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорт түрлері және мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, осындай ауқымды іс-шаралар жолда Қарағанды облысының елді мекендерінде де көрсетілмек.
Еске сала кетейік, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында 26-30 шілде аралығында Жамбыл облысының мәдениет күндері өтеді. "Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту" этномәдени керуені халықаралық мамандандырылған көрменің шетелдік қонақтарын Ұлы Жібек жолындағы ежелгі ірі әкімшілік-мәдени орталық болған Тараз қаласының тарихымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған еді.
Жамбыл облысының Мәдениет күндерін өткізу кезеңінде елорданың Көрме кешені аумағында өңірдің бірқатар іс-шаралары өткізіледі. Көрмелер, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
28 шілдеде «Қазанат» қалалық ипподром аумағында этноауылда дәстүрлі өнер түрлері көрсетіліп, "Шығыс базарында" қолөнер және сәндік-қолданбалы бұйымдар саудасы өткізілмек.
Дерек көз: strategy2050.kz