Назарбаев пен Путин ұсыныстарын айтты

Жаңалықтар
29.09.2014, 18:34

Астрахань қаласында Каспий елдерінің төртінші саммиті басталды. Мұнда сөз алған басшылар өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. «Әлемдік нарықтың бүгінгі жағдайын ескере отырып, бірлескен сауданың өсуі арқылы елдеріміздің экономикасының жақындай түсу мүмкіндігін қарастыруға болады», - деді Н.Назарбаев. Сонымен бірге Елбасы Каспийдің құқықтық мәртебесін ретке келтіргенге дейін экономикалық ынтымақтастықтың негізін қалауға болатынын атап өтті. «Еркін сауда аймағын құру ұсынысын қарастыруды ұсынамын. Бұл біздің елдеріміздің Үкіметтік деңгейде талқыланатын алғашқы сұрақтардың бірі болуы мүмкін», - деп түйді Н. Назарбаев. РФ Президенті Владимир Путин Каспий маңы мемлекеттері басшыларының 4-ші саммитінде «каспийлік бестік» елдеріне 2016 жылы төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету қызметтерінің кең ауқымды оқу-жаттығуын өткізуді ұсынды. «Біздің жұмысымыздың тағы бір маңызды қыры - Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларды алдын ала ескерту және жою. Бұл бағытта сәйкесінше келісімге қол қоямыз. Алғашқы қадам ретінде 2016 жылы төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету қызметтердің кең ауқымды бесжақты оқу-жаттығуын ұйымдастыруды ұсынамыз. Бұл іс жүзінде хабарландыру процедурасын әзірлеуге, құтқару бөлімшелерін үйлестіруге мүмкіндік береді», - деді В.Путин. Сонымен қатар, ол 2003 жылы қабылданған теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран конвенциясын нақтылай түсу мақсатында Каспий теңізіндегі әрекеттердің келісімшарт-құқықтық базасын жетілдіру, жалпы нормалар мен стандарттарды одан әрі дайындау бойынша жұмыстарды жалғастыру, мұнайдың төгілуі кезінде шұғыл әрекет ету бойынша келісімшартты ратификациялау, Каспийді ластанудан қорғау, теңіздің биологилық алуан түрлілігін сақтау  қажеттігіне назар аударды.

Сұхбат

PhotoRoom