Астанада ашылған «Шанхай апталығы» халықаралық көрмесіне пластик бөтелкелердің қалдықтарынан жасалған шабадандар қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. Қажетсіз пластик бөтелкелерді қайта өңдеу жолымен жасалған бұл жолсандықтарды «Shangtex Holding» корпорациясы құрамындағы Newest компаниясы Қазақстанға алғаш рет әкеліп отыр. «Бұл тәсіл Қытайда 1994 жылдары пайда болған. Біз керексіз пластик бөтелкелерді жинап, арнайы ұсақтаймыз және оларды ерітіп, тақтай тәрізді сығымдаймыз. Осылайша, дайын болған материалды бояп, түрлі-түсті шабадандар әзірлейміз», - дейді кәсіпорын өкілдері. Мұндай шабадандардың салмағы 2 келіні құрайды, ал нарықтағы құны 120 долларға тең. Сондай-ақ «Шанхай текстиль» мамандары пластиктен киім де тігуге болатынын атап өтті. Олардың айтуынша, пластик материалдан тігілген киімдер мақтадан тігілгендерге қарағанда мықтырақ әрі арзан болады. «Арнайы аппарат арқылы пластиктен жіп жасалады және сол жіптен киімдер тігіледі. Бұл тәжірибе Қытайда кеңінен тараған», - дейді олар. Айта кетейік, «ЭСКПО-2017» халықаралық көрмесі аясында бүгін Radisson Blu Astana қонақүйінде «Шанхай апталығы» халықаралық көрмесі ашылды. Онда энергетика, автомобиль құрастыру, құрылыс, химиялық өндіріс, текстиль және азық-түлік өндірісі салаларындағы Шанхайдың белді кәсіпорындарының жаңа технологиялары, құрылғылары мен тауарлары қойылған. Көрме 5 шілдеге дейін жалғасады.