Сәрінжіпов Ауғанстан президентінің инаугурациясына барды

Жаңалықтар
30.09.2014, 14:26

Ауғанстан Президентін ұлықтау рәсіміне ҚР ресми делегациясын ҚР Білім және ғылым министрі Аcлан Сәрінжіпов бастап барды.

Кабул қаласының «Арг» сарайында  Ауғанстан Ислам Республикасының жаңадан сайланған президенті Ашраф Гани Ахмадзайды салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Бұл шараға 34 шет мемлекеттен әр түрлі деңгейдегі делегациялар өкілдері қатысты.

«Қазақстан Республикасының ресми делегациясын ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бастап барды. Оның құрамына ҚР Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі өкілі Тимур Оразаев кірді. Министр А.Сәрінжіпов Ауғанстанның жаңадан сайланған Президентімен кездесті. Кездесу барысында Ауғанстан Ислам Республикасының жаңа басшысына Ауғанстан дамуының жаңа кезеңінде бейбітшілік пен келісімге тезірек қол жеткізу туралы Елбасымыздың ізгі тілектері мен құттықтаулары жеткізілді. Тараптар білім саласындағы одан әрі  екіжақты ынтымақтастық  мәселелерін талқылады», - делінген ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

10431670_647708595328435_7265078166655900782_n

Сонымен қатар қазақстандық делегация өкілдерімен жүздесу барысында Ауғанстан Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Абдул Рашид Достум Ауғанстанның басына түскен қиын-қыстау сәтте ауған халқына қолдау көрсеткені үшін Қазақстанды ынтымақтас және бауырлас ел ретінде танитынын атап өтті. Сондай-ақ, ол кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы да жылы лебізін білдірді.

Қазақстан-Ауған Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Ауғанстан Ислам Республикасының сауда және өнеркәсіп министрі Шакир Каргармен екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі  дамуы мәселелері талқыланды. Бұл мәселе желтоқсан айында Алматыда өтетін ҮАК-ның кезекті отырысында да қаралмақ.

Ауғанстанның жоғарғы білім министрінің орынбасары Мохаммад Осман Бабуримен де кездесу өтті. Ол ҚР Үкіметіне Ауғанстан Ислам Республикасы үшін жасалған Мемлекеттік білім беру бағдарламасын жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді. Қазіргі сәтте бұл бағдарлама аясында Қазақстанда 700-ден астам ауғандық студент оқиды.

Сондай-ақ, ұлықтау рәсімі барысында министр А. Сәрінжіпов Ауғанстан Ислам Республикасының бірқатар ресми өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен кездесті.

Сұхбат

PhotoRoom