Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы қару-жарақ жасау өнерінің Эрмитаж қорынан жинақталған көрмесі ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырғанын айтты. Халықаралық мамандандырылған көрме аясында барлығы 6 мыңнан астам іс-шара өтеді. Бүкіл дүниежүзіне әйгілі, әлемде адамдар ең көп баратын 20 музейдің бірі болып саналатын Эрмитаждың келуі – Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық қарым-қатынастың айғағы.
Одан соң Гүлшара Әбдіқалықова адамзаттың бүгінде, сарапшылардың пікірінше, жаңа соғыс қатері алдында тұрғанын атап өтті. Сондықтан Қазақстан Президенті өзінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде: «Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдардың, бизнесмендердің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажет» деген болатын.
Мұражайға келушілерге қару-жарақ жасау өнерінің қыр-сырын ұғынып, Шығыс пен Батыстағы өнердің тарихы мен өркендеуі, қарудың алуан түрі, оларды жасаған орталықтар мен әйгілі қару-жарақ шеберлері жөнінде білуге мүмкіндік береді.
Жәдігерліктер қоры қару-жарақ жасау өнерінің XV ғасырдан XIX ғасырдың соңына дейінгі елеулі тарихи даму кезеңін қамтиды.
Көрмеге қару-жарақ жасау өнерінің 70 шақты үлгісі қойылған, олардың қатарында Германиядан, Түркиядан, Жапониядан, Франциядан, Үндістаннан, Италиядан, Испаниядан, Ираннан және әлемнің өзге де елдерінен келген әскери, аңшылық және салтанатты қару-жарақ түрлері бар.