Президент Атырауда жұмыс сапарын бастады

Жаңалықтар
30.09.2014, 14:38

Атырау облысында «Первомайский» БК» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасын аралаған Мемлекет басшысы мұнда өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері шығаратын өнімдердің үлгілерін көрді. Сондай-ақ Президентке өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы туралы баяндалып, облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан агроөнеркәсіп кешені секторының жобалары таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев нысанды аралау барысында облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпорындардың басшыларымен әңгімелесіп, экономиканы дамытуда ауыл шаруашылығы басымдығы бар сала болып саналатынын атап өтті.

– Еліміздегі халықтың жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Сол себепті біз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлуге тиіспіз. Қазақстаннан басқа еш жерде мемлекет ауыл шаруашылығына осынша қаражат бөлмейді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі үшін барлық жағдай жасалған, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Первомайский» БК» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында салынған. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға жетеді. Фермада 42 жұмыс орны бар.

Оған қоса Президент Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Мирас» балабақшасында болып, қызметімен танысты және «Ботақан» балалар тобында болды.

«Теңізшевройл» ЖШС қаражатына салынған балабақшада 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар Монтессори бағдарламасына сәйкес және Халықаралық Бакалавриат бастауыш мектебінің ықпалдасқан жүйесі бойынша тәрбиеленеді.

«Мирас» балабақшасында музыка, спорт және би залдарымен, ойын алаңдарымен, кітапханамен, қазақ мәдениетінің орталығымен, қолданбалы өнердің, ағылшын және орыс тілінің халықаралық стандартқа сай кабинеттерімен жабдықталған.

Балабақшаның 16 тобында 350 бала тәрбиеленеді. 110 адам жұмыспен қамтылған.

 

Сұхбат

PhotoRoom