ЭКСПО көрмесіне келушілер 80 млн теңгеге кәдесыйлар сатып алды.Бұл туралы бүгін көрменің 1 айлық жұмысын қорытындылаған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұған дейін айтқанымыздай, біздің аумақта қоғамдық тамақтануға арналған 25 нысан және 33 киоск бар. 1 айдың ішінде аталған кафе, мейрамханалар 210 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Көрме аумағындағы тамақ қауіпсіздігіне қатысты айтар болсақ, өздеріңіз де білетіндей бізде логистикалық орталық жұмыс істейді.Сол арқылы барлық жүк, оның ішінде азық-түлік те жеткізіледі», - деді ол. Оның айтуынша, көрме аумағында санитарлық қызмет кезекшілік жасайды және ветеринарлық бақылау жүргізіледі. «Жақсы көрсеткіштердің бірі - кәдесый өнімдерінің сатылуы болып отыр. Қазіргі уақытта біз 80 млн теңгеден астам сомаға шамамен 40 мың кәдесый саттық. Бұл көрмеге келушілердің арасындағы қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді», - деді Еркімбаев. Айта кетерлігі, бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақов 1 айдың ішінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін 920 мыңнан астам келуші тамашалағандығын айтқан болатын. Ал Еркімбаев көрмеге 1 млн 800 мың билет сатылғанын атап өткен еді.