Бүгін Оңтүстік Қазақстанда халықаралық маңызы бар М-39 «Ташкент - Термез» бағытындағы автомобиль жолы мен «Сырдарья» өткізу бекеті ашылды. Қатынас жолы мен арнайы бекеттің салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Сырдария облысының әкімі Гофуржон Мирзаев пен ҚР Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы қос мемлекет жұртшылығын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, Өзбекстан мен Қазақстан Республикалары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи қатынастарды жандандырып, туысқан екі ел арасында мәңгілік алтын көпір болатынына сенім білдірді.
«2006 жылы жабылған осы жолдың қайта ашылуына екі ел Президенттерінің келісімі нәтижесінде қол жеткізілді. Жыл басынан бері екі ел арасындағы экономикалық ахуал жандана түсті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзеевтің жаңа бастамалармен тығыз байланысты күшейтуі аймақтардың дамуына зор серпіліс әкелді. Екі ел жетекшілерінің Астана қаласы мен Сарыағаштағы кездесулері, елордадағы Өзбекстан бизнес-форумы, мамыр айында Шымкент қаласында өткен Ташкент қаласы тауар өндірушілерінін жәрмеңкесі соның нақты айғағы»,- деді Ж. Түймебаев.
Мақтааралдықтардың Ташкентке қатынас жолы - халықаралық М-39 автомобиль жолы Қазақстан Республикасының Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы Өзбекстанға өтеді. Жолдың Мақтаарал ауданы арқылы өтетін ұзындығы 24,1 шақырымды құрайды. Аталған жол ашылып, пайдалануға берілгенде 350 мың халқы бар Мақтаарал ауданы тұрғындарының қатынас жолы 80 шақырымға қысқарып, жол жүру уақытын үнемдейді. Сондай-ақ, Өзбекстан тұрғындары үшін Ташкент қаласынан Жизақ арқылы Самарқандқа өту үшін төтесінен жүруге мүмкіндік беріп, жол 55 шақырымға қысқарды. Ал Сырдарья» шекара бекеті тәулігіне 5 мың адам мен 200 автокөлік өткізуге мүмкіндігі бар.
Қазақстан экспортының Өзбекстандағы негізгі бағыттары мұнай және мұнай өнімдері, ұн-жарма өнеркәсібі өнімдері, дәнді-дақылдар, қара және түсті металлдар, цемент, трансформаторлар, биорганикалық химия өнімдері, азық-түлік тауарлары болып табылады. Өз кезегінде Өзбекстаннан Қазақстанға бау-бақша өнімдері, мақта талшықтары, текстиль және дайын тігін өнімдері,тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластмасса, ағаш, гипс және матадан дайындалған бұйымдар импортталады.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы халық ең тығыз қоныстанған аймақ атануымен ерекшеленеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен арадағы сыртқы сауда айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларын құраған болса, оның 30% (532,4 млн.АҚШ доллар) астамы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде.