Тоқыма өнеркәсібі Оңтүстік Қазақстанда маңызды орын алатын салалардың бірі. Бұл салада өндірілген өнім көлемі соңғы 5 жылда 2,3 есе ұлғайған. Ал, облысымыз республикада мақта өсіретін жалғыз өңір болып табылады. Осы саланы дамыту және өңдеу мақсатында республикада бірінші болып «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды.
Бүгінде арнайы экономикалық аймағында 10 жоба іске асырылып, 27,8 млрд.теңгенің инвестициясы тартылған. Мұнда бір мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Арнайы экономикалық аймақтың негізгі мақсаты мақта өңдейтін жоғары технологиялық өндірісті, өнеркәсіптің тоқыма және тігін саласын кешенді дамытуды, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне белсенді түрде кіруін көздейді.
Жалпы республика бойынша өндірілген мақта талшығының, мақта иірме жібінің, кілем және кілем бұйымдарының, мақтаматалары өнімдерінің 100 пайызы облысымызға тиесілі. Аймақта заманауи технологияларды қолдана отырып ашылған 2 кілем фабрикасы жұмыс істеп тұр.
Жалпы, аймақта бүгінгі таңға дейін 18,8 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, салық түсімі 1 млрд. теңгені құрады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына әрі қарай инвесторларды тартып, мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін, жергілікті билік экономикалық аймақтың қызмет түрін және аумағын қосымша кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс аумағында бұдан бөлек жалпы көлемі 699 га құрайтын 9 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Одан бөлек, қосымша 2 индустриялық аймақта инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Барлық индустриялық аймақтарда жалпы сомасы 198,3 млрд. теңгені құрайтын, 13 мың жұмыс орны ашылатын 170 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін инвестиция көлемі 36,4 млрд. теңгені құрайтын 4 мыңнан астам жұмыс орны бар 66 жоба іске қосылған.