«Ырыс» микроқаржы ұйымы жыл басынан бері кентаулық кәсіпкерлердің 41 жобасын қаржыландырған

Жаңалықтар
16.07.2017, 22:29

Оңтүстік Қазақстандағы ауылдық жердегі  кәсiпкерлiктi дамыту – «Оңтүстiк» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымының басым бағыттарының бiрi. Қос тарап бүгінде аудан, қаладағы кәсiпкерлiкпен айналысамын деген тұрғындарға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, микроқаржы ұйымы жыл басынан бері Кентау қаласы бойынша 83 млн. 400 мың теңгеге 41 жобаны қаржыландырған.

Солардың бірі Кентау қаласының тұрғыны Нұрлыбек Қыдырәлiұлы. Ол «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 3 000 000 теңге несие алған. Бүгiнде шаруа мал шаруашылығымен айналысып, кiшi кәсiптiң көкжиегiн кеңейтiп отыр.images

«2015 жылы күзде жылқы сатып алдым. Содан берi жем-шөбiн берiп қарап отырмыз. Қазiр келiнiм бие сауады. Таңертең 5-те және кешке 8-де келiп саумал iшушiлер көп. 7-8 бие байладық. Алдағы уақытта көбейте түспекпiз. Екiншi балам да несие алуды жоспарлап отыр. Ырысымызды арттырып отырған «Ырыс» микроқаржы ұйымына рахмет», – дейдi кәсiпкер.

Шаруа саумал мен қымыздан бөлек үйiндегi сиыр сүтiнен айран, құрт жасап отыр. Үйi үлкен жол бойында орналасқандықтан саудасы жақсы.

Жылқылар көк шөпке жайылғандықтан қымыздың да дәмi өзгеше. Бағасы қалтаға қолайлы. Тiптi, Қызылорда облысынан келiп саумал iшушiлер де бар екен. Ағарған iшiп, көңiлдерi жайланған тұтынушылар ақсақалға әткеншек, тапшан секiлдi дүниелердi жасап берген.

Бұдан бөлек Нұрлыбек Қыдырәлiұлы 6 гектар жердi бауға айналдырып отыр. Онда 1,5 гектарға алма, 1 гектарға жүзiм көшеттерiн еккен. Қалған бөлiгiнде де жасыл желек жайқалып тұр.

Қалада «Ырыс» МҚҰ-нан несие алып, несiбесiн арттырып отырған жандар көптеп саналады. Мәселен, Темiрхан Тасболатов көлiк жөндеу орталығы және автобөлшек дүкенiн ашқан. Мухубилла Курбанов тiс емханасына жабдықтар алған. «Жетi жарғы» ЖК сүт өңдеу цехына жабдықтар сатып алу және айналым қаражатын толықтыруға «ОҢТҮСТIК» АИО-нан несиеге қол жеткiзген. Бұлардың барлығы да Кентау халқына қызмет етiп әрi ондағы жұмыссыз жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

Сұхбат

PhotoRoom