Әкім отставкаға кетті

Жаңалықтар
02.10.2014, 11:21

 

Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закарьянов отставкаға кетуге өтініш берді. Белгілі болғандай, кеше түстен кейін қала әкімі Т.Закарьянов өңір басшысы Ерік Сұлтановқа қызметінен кететіні туралы өтініш берген.

Әкімнің өз еркімен қызметтен кетуіне халық күмәнмен қарайтын болған. Көп кешікпей қамауға алынып жатқан экс-шенеуніктер туралы ақпараттарды күнде болмаса да күнара естіп жатуымыз да себеп болса керек. Кеше кешқұрым Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов ұсталғаны туралы ақпарат желдей есті. 

20121008192127

Қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторының кезекші бөлімі бірнеше сағат бұрын изолятор камераларының біріне облыс орталығының бұрынғы басшысы жеткізілгенін растады.

Қарағандының экс-әкімі Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабы негізінде изоляторға үш тәулікке қамалды. 72 сағаттан соң Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу тобы Смағұловтың бұдан кейінгі мәртебесі туралы (күдікті ме немесе айыпталушы ма) шешім шығарады. Үш тәуліктен соң оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешім қабылданады.

Бұған дейін Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловқа қатысты ҚР ҚК 307-бабы - "Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Смағұлов 2013 жылы "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салушы "ЮТЭКС" құрылыс компаниясын өз үйіне тегін жөндеу жасауға мәжбүрлеген. Компания экс-әкімнің баспанасын жөндеуге өзінің 5 миллион теңге қаражатын жұмсаған.

Мейрам Смағұлов Қарағанды әкімі қызметінде 2012 жылдың 8 қазанынан 2014 жылдың 24 маусымына дейін жұмыс істеді, содан кейін өз еркімен  қызметтен кетті.

Петропавл әкімінің отставкасынан астар іздеп отырмағанымызды баса айта кеткіміз келеді. 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom