"Электрондық үкіметтің" ғаламдық форумын өткіземіз бе?

Жаңалықтар
02.10.2014, 11:28

 

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Техникалық ынтымақтастықтың нысаналы қоры туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Құжатта көзделген басты мақсат - 2014 жылғы 6-8 қазанда Астанада «Біріккен Ұлттар Ұйымының «электрондық үкіметінің» 2014 жаһандық форумын» өткізу. Ал аталған форум ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында маңызды іс-шаралардың бірі. Форумды өткізу қорытындылары нәтижесінде Қазақстанның «электрондық үкіметті» дамыту бойынша тәжірибесін дамыған елдер арасында да, дамушы елдер арасында да кеңінен тарату жоспарланған.

Келісімге сәйкес, Қазақстан Республикасы оған 500 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаражатын енгізетін болады. Ал БҰҰ тарапынан жобаның үйлестірушісін жалдау, «Smart Government»-ке назар аудара отырып, «электрондық үкімет» саласындағы сарапшыларды айқындау, форумды өткізу, форум бойынша жарияланымдарды дайындау жұмыстары жүзеге асады.

«Келісім аясында артықшылықтар мен иммунитеттер, оның ішінде БҰҰ өкілдеріне - форумға қатысушыларға еркін келу және кету құқығын беру қарастырылған. Форум шеңберінде төрт сессия өткізу көзделеді. Қазіргі уақытта форумға ҚР Премьер-Министрінің, БҰҰ Жоғары басшылығының, Халықаралық электробайланыс одағы бас хатшысы орынбасарының, шетелдік мемлекеттік органдардың 10-нан астам басшылары қатысатыны қуатталды. 40 мемлекеттен 100-ден астам шетелдік мамандар келуге өтініш беріп отыр», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев.

Тұтастай алғанда, осы Келісімді іске асыру елімізге «электрондық үкімет» пен мемлекеттік басқару саласында әлеуетті арттыруға, халықаралық кеңістікте «электрондық үкіметті» дамытудағы өз тәжірибесін кеңінен таратуға, мүдделі тараптар арасында ынтымақтастықты және «ақылмен басқару мен ақылды үкіметті» ілгерілету жөніндегі өңіраралық тетіктерді дамытуды күшейтуге мүмкіндік береді.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

 

Сұхбат

PhotoRoom