Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықаралық форумдар өткізудің жиілеп кеткенін айтып, Үкіметке құлаққағыс жасады.
Еске сала кетейік, отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Техникалық ынтымақтастықтың нысаналы қоры туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Ал аталған құжатта көзделген басты мақсат 2014 жылғы 6-8 қазанда Астанада «Біріккен Ұлттар Ұйымының «Электрондық үкімет 2014» жаһандық форумын» өткізу болып табылады.
«Әрине, мен бұл келісімді ратификациялаудың қажеттілігіне еш күмән келтірмеймін. Алайда, бізде соңғы уақытта халықаралық форумдар көбейіп кетті. Бұл жайында Президент те бірнеше мәрте айтты. Қазір біз ратификациялап жатырмыз, ал бюджеттен бірден бес жүз мың доллар осыған кетеді. Бұл соншалықты көп сома еместей көрінеді, дегенмен форумдар бірінен соң бірі қаптады», деді Сенат спикері.
Осы ретте Төраға Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен ынтымақтастық шын мәнінде қажетті екенін айтып, алайда, ондай Ұйымда шешімдердің қалай қабылданатынына нақты таныс екенін алға тартты.
«Олар (БҰҰ-авт.) түрлі елдерде, соның ішінде дамып келе жатқан және шапшаң дамып келе жатқан елдерде форумдар мейлінше көп өткенін қалайды. Сосын олардың бұл мәселе бойынша өз есеп берулері бар. Сондықтан да, мен нақты бүгін қаралып отырған форум жайында емес жалпылама айтып отырмын. Біз кеше ғана G-global мен Экономикалық форумды аяқтаған секілді едік. Енді тағысы кезекте тұр», - деді Сенат Төрағасы.
Бұдан бөлек, Сенат спикері жалпы халықаралық форумдарды өткізуге таңдаумен қарап, елімізге тиімдісіне басымдық беру керектігін жеткізді. Бұл ретте ең алдымен еліміздегі бюджеттің қаражатын үнемдеу маңызды.
«Екіншіден, мен БҰҰ-ның өзінде жағдай қандай екенін өте жақсы білемін, оның ішінде қызмет еттім. Рейтингтердің қалай жасалатынына, қағазды үнемдеу, қағазбастылықтан арылу жайына қанықпын. БҰҰ өздері осымен күресіп, «электрондық үкіметті» өз ішінде де енгізуге тырысты. Дегенмен, онда бәрі табысты өтті деп айта алмас едім. Мәселен, БҰҰ Женева бөлімшесінде біз қағаз айналымын отыз бес пайызға азайта алдық. Бұны одан да азайтуға болатын еді. Айта кетерлігі, қағазбастылық жұмысты шабандатады, ол - БҰҰ ғана емес, Қазақстанның да, басқа да мемлекеттер органдарының да жұмысына кедергі. Сондықтан да, форумның өзектілігі дау туғызбайды, алайда оның тиімділігіне, бізге берер пайдасына қарау керек», - деді спикер.