Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы шаруаларға үлестірілді. Нәтиже жаман емес. Бүгінде несие алып, шаруашылығын тіктеген облыс шаруалары астық өнімдерін жинап жатыр. Мол астықтың бір бөлігін тіпті, Өзбекстанға экспорттамақ.Бұл туралы Қазақстан-Шымкент телеарнасы хабарлады.
Биыл Аграрлық несие корпорациясына 2380 шаруадан 71 млрд. теңгенің өтініші келіп түскен. Ал, Оңтүстік Қазақстанда 2017 жылы 70 кредиттік серіктестік арқылы 931 шаруаға 2 млрд. 380 млн. теңге жеңілдетілген несие берілген. Несие алған серіктестіктің бірі - «Амангелді» ЖШС-гі. «Аграрлық несие корпорациясынан» несие алған компания 11 700 гектар жерге бидай егіп, әр гектардан орта есеппен 17 центнерден өнім алуда. Биыл ауа райы да шаруаларға қарасып тұр. Бидайдың желімтігі 20-36 пайыз, - дейді шаруалар.
«Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір 75-80 пайыз өнімінді орып алды. Көктемгі дала жұмыстарына берілген несиенің арқасында, уақытылы берілген жанармай мен селитраның арқасында жақсы өнімге қол жеткізіп отырмыз»,- деді бас агроном Қанатбек Нұрмаханбет.
Егінді жинауға 20-ға жуық комбайн мен оннан астам жүк көлігі тартылған. Сондай-ақ, астықты алқапта 100-ден астам жұмысшы еңбектеніп жүр. Компания жиналған мол астықты көрші жатқан Өзбекстанға экспорттамақ. Ішкі нарық та назардан тыс қалмақ емес.
«Биылғы жылы негізгі көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие пайызы айтарлықтай төмендетілді. Егер, алдыңғы жылы 5 пайызбен берілген болса, биылғы жылдан бастап тікелей борышкерлерге 2 пайызбен несие таратылып жатыр»,-дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ОҚОФ бас маманы Асланбек Исахов.
Айта кетейік, «Аргарлық несие корпорациясына» келіп түскен өтініштер мен несие алған азаматтар саны бойынша елдің оңтүстік аймақтары солтүстік, батыс, пен орталық Қазақстан өңірлерінен алда тұр.