Қазығұрт ауданының тұрғыны салмағы жарты келі шығатын лимон өсіруде. Осындай цитрус жемісін Үшбұлақ ауылындағы Дадабаевтар әулеті өсіріп баптап отыр. Шаруаның айтуынша, лимон бауы жер астына қарай үш метр тереңдікте отырғызылады екен.
«Экзотикалық жеміс көшетін 1985 жылы Әзірбайжан елінен әкелгенмін. Алдымен, лимонды үйдің ішінде өсірмекші болғам. Алайда, жеміс беретін түрі байқалмады. Сондықтан жеміс ағашына арнап, ор қаздым. Содан бері бұл ағаш жеміс беруін тоқтатқан емес. 32 жыл бойы үзбей лимон салып келеді. Жемісі өте үлкен. Гибридті тұқым болған соң салмағы да ауыр»,-деді Иса Дадабаев.
Дадабаевтар әулеті гибридті лимоннан жылына 1 тонна өнім алады. Бұл жеміс күзден бастап, бүкіл қыс бойы өнім береді. Мұнымен қоса, олар Әзірбайжаннан әкелінген анар көшетін егіп, бүгінде анардан жылына бес жүз килоға дейін өнім алып отыр.
Осылайша, еңбекқор жандар елімізге таңсық жемістерді өсірудің хас шеберіне айналды. Зейнетке шыққан шағында еңбегінің зейнетін көріп отыр. Иса ақсақал мен Күлзинат апаның еккен жемістерінің рахатын бүгінде тек немерелері ғана емес, бүкіл Жаңабазар ауылының тұрғындары көруде