Сонымен үш жыл сайын өткізілетін Сенат сайлауының биыл өтуі тиіс тағы бір науқаны аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, саяси науқан барлық талаптарға сай.
«Сайлау барынша тыныш жағдайда өтті. Айтарлықтай форс-мажорлық оқиғалар, заңнаманың бұзылуы орын ала қойған жоқ. Халықаралық байқаушылар іс жүзінде еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлаушылардың жиындарына толығымен қатысты. Осылайша, біздің ойымызша, сайлау халықаралық стандарттар деңгейінде өтті. Қандай да бір заңбұзушылықтар орын алмады», - деді ол.
Осы сайлауда Астана қаласы мен Маңғыстау облысының дауыс беруге құқылы таңдаушылары белсенділік танытқан. 16 су жаңа сенатордың есімдері жарияланды. Бұрынғы облыс әкімі, облыс әкімдерінің орынбасарлары сияқты өңірлерде жоғары қызметте болған тұлғалар екенін тізімді көрген жұрт жақсы біледі. Олардың орташа жасы - 56 жас. Құрамында 7 инженер, 4 ауыл шаруашылығы қызметкері, 2 экономист, 2 оқытушы және 1 заңгер бар. Ал, қызмет түрі бойынша: 4 - Парламент Сенатының қызметтегі депутаты, 9 - мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкері, 2 - коммерциялық құрылымдардың қызметкері.
Енді бізге хабарласып, мерзімі аяқталған сенаторлардың қашан кететінін сұраушылар бар. Оқырмандарымыздың сауалына жауап беру үшін Конституциямыздан үзінділер келтірсек.
51-бап 2-тармақ
Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
Сайлаудың 1-қазанда өткізілгенін ескерсек, демек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні яғни, 1-желтоқсанға дейін осы сайланған сенаторлар жаңа креслоларына жайғасуы тиіс.
Алты жыл сенатор болып, мандаттық мерзімі аяқталғандар кімдер? Ол он алтылықты білу үшін Сенаттың баспасөз қызметіне хабарласып едік,
«Сенаторлардың өкілеттілік мерзімі бүгін ертең аяқталмайды ғой. Сондықтан, оған асығыстық жасаудың қажеттілігі жоқ сияқты. Ал енді кімдердің мерзімі аяқталғанын тек қана Орталық Сайлау комиссиясынан ғана біле аласыздар» деген жауап алдық.
Орталық сайлау комиссиясына хабарласып, нақты мәлімет алу мүмкін болмады. Ресми сайтынан да мандат уақыты аяқталған 16 сенатор туралы ақпарат таппадық. Дегенмен, Сенаттың сайтындағы әр депутаттың парақшасына кіру арқылы 6 жылдық мерзімін анықтауға болатын сияқты.