Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаланы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуші бірқатар нысандарды аралады. Ол ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің қызметі мен алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Нысандардың күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық бойынша жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қала әкімісондай-ақ, «Астана АЭК» АҚ мен ТКШ жаңғырту бағдарламасына қатысушы тұрғын үйде болды.
«Астана - ауа райы қатал қалалардың бірі. Сонымен бірге, қаланың жыл сайын өсіп келе жатқанына байланысты бұл кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру керек. ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 нысандарында жұмыс істейтін техникалық сауатты мамандардың арқасында жылыту маусымына дайынбыз. Станциялық қондырғыны қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама толық көлемде жүзеге асырылды. Бұдан басқа, ЖЭО-3 құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Жылыту маусымына дайындық барысын баяндаған ЖЭО басшылары Елорда басшысына алдағы жылыту маусымына толықтай дайын екендіктерін жеткізді.
«Бүгінгі таңда жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Аудандық қазандықтар жылу беруге дайын. Жаз бойы ЖЭО-2 жұмыс істеді, ал алдағы күндері ЖЭО-1-дің энергетикалық бөлігі іске қосылады, жүктеме артқан кезде қалған бөлігі жұмыс істейтін болады. Отын қоры бойынша ЖЭО-1 эксплуатациялық көрсеткіштен екі есеге, ЖЭО-2 30% артық қамтылған», - деді «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Олег Уткин.
Бүгінгі таңда ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 бас қаланы жылумен қамтамасыз етуге 100% дайын, ал қандайда бір оқыс жағдай орын алар болса жылу беруді тоқтатпас үшін қажетті қосалқы бөлшектер мен құралдар жеткілікті.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы бойынша жылу беру маусымы 3 қазаннан басталады.