Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың алты айында өңiрiмiзде 139,1 млрд. теңгенiң ауыл шаруашылығы өнiмдерi өндiрiлдi. Өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда биылғы табыс 16,1 млрд. теңгеге артық. Бұл әлбетте, облыс әкiмi Ж.Түймебаев айтып өткендей, шаруалардың егiн егуде, мал бағуда заманауи технологияларды қолданып, агротехникалық талаптарды сақтауының арқасында қол жеткен табыс екенi күмәнсiз. Жоғарыдағы табыстың 117,2 млрд. теңгесi мал шаруашылығына, қалған 21,8 млрд. теңгесi егiн шаруашылығына тиесiлi. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысы республикада екiншi орын алады. Ал, нақты көлем индексi бойынша 7-орында келедi.
Негiзгi капиталға тартылған инвестиция көлемi де өткен жылғы алты айлық көрсеткiшпен салыстырғанда бiршама көбейген. Биыл салаға 14,8 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Ол былтырғы жартыжылдыққа қарағанда 6,6 есеге көп. Соның iшiнде тамақ өнiмдерiн өндiруге бағытталған инвестиция сомасы 3,3 млрд. теңгеге жеттi. Экспорт көлемi де жылдан-жылға артып келедi. Бұрын өндiргендерiмiз өзiмiзден-ақ артылмайтын немесе сырттан тасымалдайтынбыз. Бүгiнде өнiмдерiмiздi көршi елдерге сататындай жағдайдамыз. Мiне, осының арқасында экспорт пен импорттың арасындағы алшақтық бiрте-бiрте азайып жатыр. Мәселен, 6 айда облыс шаруалары 93,1 млрд. теңгенiң өнiмiн өзге елдерге жөнелткен. Өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда экспорт 1,7 пайызға ұлғайған. Сол секiлдi жарты жылда өңiрiмiзге 129 млрд. теңгенiң ауыл шаруашылығы өнiмдерi тасымалданған. Алайда, бұл санның экспорттан жоғары болғанына қарамастан, биылғы 6 айда импорт көлемi 14,2 пайызға кемiген.