Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жылда 83,6 млрд. теңгенiң ауыл шаруашылығы өнiмi қайта өңделген. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады. Мамандардың айтуынша, шикiзаттық сектордан дайын өнiм өндiруге көшiп, сол арқылы экспорттық әлеуеттi көтеру мақсатында заманауи кәсiпорындар салып, бұрынғыларын соңғы үлгiдегi қондырғылармен қайта жаңғырту iсi жүргiзiлiп жатыр екен. Соның бiр дәлелi, былтыр ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеуге арналған 5 кәсiпорын пайдалануға берiлсе, екi жылда тағы 6 жобаны iске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, егiс алқаптары мақта және майлы дақылдардың есебiнен ұлғайған. Демек, биыл көктемде облыста мақта шитi мен мақсары секiлдi дақылдар көбiрек егiлдi деген сөз. Соның бiр айғағы, мақта егiстiгi былтырға қарағанда 20,4 мың гектарға артып, жалпы мақталық алқап көлемi 125 мың гектарды құрап отыр. Майлы дақылдар да өткен жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға артық егiлiп, бүтiн егiстiк алқабы 95,8 мың гектарға жеттi.
Сонымен қатар, жартыжылдық есеп бойынша iрi қара саны - 5,1 (1087,8 мың), қой мен ешкi - 1,6 (4964,5 мың), жылқы - 18,1 (306,4 мың), түйе - 7 (27,5 мың), құс 8 пайызға (2345,9 мың) артқан. Сондай-ақ, 103,2 мың тонна ет, 379 мың тонна сүт, 162,7 млн. дана жұмыртқа өндiрiлдi. Әсiресе, 6 айда өңiрiмiзде 1879 шағын мал бордақылау алаңы, отбасылық 563 сүт фермасы, отбасылық 20 құс фермасы және 8 балық шаруашылығы iске қосылды. Мамандардың есебiнше, бұл бағытта биылға жоспарланған меженiң жартысынан астамы бүгiнде орындалған.