Елімізде отандық өнім көлемін арттыру жұмыстары кеңінен жүзеге асып келеді. Бұған Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Azala Cotton» ЖШС-ді де өз үлесін қосып, тоқыма өндірісін дамытуда қарқынды жұмыстар жүргізуде. Фабрика басшылығының айтуынша, серіктестік өнімдері бүгіннің өзінде Түркия мен өзбекстандық тауарлармен бәсекеге түсе алады. Бұл туралы Baq.kz сайты жазады.
«Фабрика биыл қаңтарда «Azala Cotton» ЖШС болып қайта жұмысын бастады. Мамыр айында біз «БРК лизинг» АҚ арқылы қомақты қаржы алып, фабриканы толықтай сатып алдық. Жабдықтарды Австрия, Германия, Швейцария секілді Еуропа елдерінен алып келдік. Қазіргі таңда толықтай қуаттылық бойынша жұмысты бастап жатырмыз. Оның алдын алғашқы кезеңі бойынша жұмыс жасағанбыз. Енді жылына 6 мың тонна жіп шығаруға қауқарлымыз. Бұл бір жылда 7-7,5 мың тонна мақта шикізатын өндіреміз деген сөз»,-деді фабрика директоры Дархан Оңланбеков.
«Цехтағы қызметкерлердің барлығы орта білімі барлар, себебі біз мамандарды осында теориялық, практикалық тұрғыда өзіміз оқытамыз» деген директор әзірге маман тапшылығын сезіне қоймағандығын айтты. Себебі мамандардың басым көпшілігі бұған дейін «OXY Textile» ЖШС-інде жұмыс істеп, тәжірибе жинап үлгергендер екен. Солардың бірі – Мадина Байдарова. 47 жастағы цех қызметкерінің де жоғары білімі жоқ. Орта арнаулы оқу орнында аспаздық мамандығын бітіріп шыққан.
«Фабрика ашылған жылы осында жұмысқа тұрдым. Бұл салада еңбек етіп жатқаныма биыл жетінші жыл толып отыр. Жылдың басында фабрика қайта құрылды ғой, жұмысым өзіме ұнайды»,-деді үш баланың анасы Мадина Байдарова.
Серіктестік жұмысшыларының орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды. Одан бөлек өндіріс орны қаланың шеткі аумағында орналасқандықтан жұмысшылардың келіп-кетуін қарастырып қойған. Яғни, тегін тасымалданады. Сонымен қатар қызметкерлер бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Өндіріс орнының басшысы дайын өнімді өткізу әзірге қиындық туғызып жатқан жоқ дейді.
«Елімізде «Жасампаз» деген консорциум бар. Оған жеңіл өнеркәсіппен айналысатын серіктестіктер мүшелікке кірген. Біз де соның құрамындамыз. Ол ұйым 100 пайыз таза қазақстандық өнім шығаруға ұмтылып отыр. Оған мүше өндіріс орындары бір-бірімен келісімшартқа отырған. Тауар өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Мәселен біздің өнімді дәл осы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Azala Textile» мен «Әлем БТ» өндіріс орындары пайдаланып жатыр. Жақында Қытай, Ресей, Түркия мен Белорусь елдерімен келісімшартқа отырдық. Біз өзіміз шығарған өнім бойынша мынау көршілес жатқан Өзбекстан мен тоқыма өнеркәсібі бойынша әлемде өзіндік орны бар Түркия елдерімен бәсекелестікке түсе аламыз»,-деді Дархан Оңланбеков.
Тек таза мақтадан өнім өндіретін өндіріс орны жыл соңына қарай синтетика аралас жіп өндіру бойынша екінші жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асқан соң тағы да 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өнім көлемі де артпақ, яғни, қазіргі таңда фабрика 6 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болса, ол кезде тағы 3 мың тонна жіп сатылымға шығарылатын болады.