Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірлік делегациямен Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін аралап көрді.
Ең алдымен, облыстан барған делегация «Нұр Әлем» павильонын аралады. Сфера ішінде орналасқан ұлттық павильон мен 2050 жылғы Қазақстанның астанасы «Болашақ Астана» композициясын, қазақстандық ғалымдардың ең озық жобаларын тамашалады. Бұл – диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрді құрайтын шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат.
Сондай-ақ, әкім бастаған делегация павильонның әр қабатында ұсынылған жел, күн, биомасса, су және ғарыш энергиясының үлгілерімен жан-жақты танысып, өңірде жүзеге асыруға болатын тиімді жобалар жайын өзара талқылады.
Мұнан бөлек, олар шетелдіктердің ұсынған заманауи технологиясының жаңа жетістіктерін тамашалап, қуат күшін алатын тың жоба - жеке аймағын аралап көрді.
ЭКСПО көрмесі Қазақстанның әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік беретінін айтқан әкім халықаралық шараның маңызына тоқталды.
«Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқан ЭКСПО көрмесіне отандық және шетелдік қонақтардың көптеп келуі бізді қуантады. Өздеріңіз көріп отырғандай ауқымы кең көрмені аралауға бір күн жетпейді. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы соңғы жаңалықтарын ұсынып отырған бұл халықаралық шараны тамашалауды әрбір қазақстандыққа кеңес етер едім. Бұл ұлттық рухымызды көтеріп, келешек ұрпақтың ғылым мен білімге құштар болып өсуіне үлкен серпін берері сөзсіз»,- деді әкім.
Қыркүйектің 10-на дейін жалғасатын «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған «ЭКСПО-2017» көрмесіне әлемнің 115 мемлекеті мен 21 халықаралық ұйымы қатысуда.
Сонымен қатар, жұмысшы топ «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері бойынша өткізілетін іс-шаралардың барысын пысықтады.
Еліміздің бас қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек күндері елордалықтар мен қонақтар назарына 42 түрлі мәдени және әлеуметтік іс-шаралар ұсынылмақ. Сондай-ақ, Қазақстандағы 30 елдің елшілері қатысатын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылатын бизнес-форум, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен «Оңтүстік өнімдері» облыс тауарөндірушілерінің көрмесі өтеді деп жоспарлануда.