ЭКСПО көрмесінің 3 миллионыншы қонағы Ресей азаматы болды

Жаңалықтар
25.08.2017, 14:17

Бүгін сағат 12.38-да ЭКСПО-2017 көрмесі үш миллионыншы келушісін қарсы алды. Ол - Мәскеу қаласының тұрғыны, 38 жастағы Юрий Шурыгин. Астанаға іс-сапармен келген ресейлік азамат ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында алдымен Қазақстанның Ұлттық павильонын - «Нұр Әлемді» тамашалағанын айтты. Ендігі кезекте Ресей павильонын тамашалауды жоспарлаған Юрий өз елінде де дәл осындай Көрменің ұйымдастырылғанын қалайтынын жасырмады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.ea2da2f0224d408067050b4a0dfe1709_resize_w_520_h_

«Қазақстанның павильоны маған қатты ұнады. Енді Ресей павильонына бару керек. Әрине, мұндай ауқымды шара бізде Уралда да өткізілгенін қалаймын. 2025 жылы ЭКСПО Екатеринбург қаласында өткізілуі мүмкін. Біз өз еліміз үшін жанкүйер боламыз»,- деп өз әсерімен бөлісті мерейтойлық қонақ.

Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма nөрағасы Ахметжан Есімов мерейтойлық конақты құттықтап, естелік сыйлықтарды табыстады. Ұлттық компания басшысы Көрме келушілерінің саны күн санап артып келетінін атап өтті. Сондай-ақ, Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілердің 15%-ын шетелдік қонақтар құрайтынын, соның ішінде ресейлік келушілердің басым екендігін мәлімдеді.

«Жоспарланған межеге жеттік, ЭКСПО-2017 көрмесінің басты мақсаттарының бірі – туристік саланың қарқынды дамуына ықпал ету болатын. Болжам орындалды. Жұмыс орындары көбейіп, табыс көлемі артты. Әсіресе, шағын және орта бизнес саласында мультиплекативтік әсер жақсы байқалды. Елордалық қонақүйлердегі меймандар саны екі есе көбейді. Дәл осындай көрсеткіш мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарында да байқалады»,- деді Ұлттық компания басшысы.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов Елбасы жақында ЭКСПО-2017 көрмесі нысандарын пайдалану жоспарын бекіткенін тілге тиек етті. Көрме жұмысы аяқталғаннан кейін, ЭКСПО аумағында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, негізгі нысандардың жұмысы басталады.

Еске салсақ, 24 тамызда ЭКСПО-2017 көрмесінің басты нысаны - Қазақстанның Ұлттық павильоны «Нұр Әлем» шарында миллионыншы келуші тіркелген болатын.

Айта кетейік, үш ай мерзімінде ЭКСПО-2017 Көрмесінде шамамен 2 миллион келуші тіркеледі деп жоспарланған болатын. Дегенмен, бұл болжам екі айға жуық уақытта жүзеге асты.

4 тамыз күні Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі екі миллионыншы келушіні қарсы алған болатын. Ол - 34 жастағы оралдық кәсіпкер Гайса Жумалиев.

Сұхбат

PhotoRoom