Қытайдың жетекші дизайнерлік компаниясы ЭКСПО-2017 көрмесінде өз киім топтамасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шараға қатысу мүмкіндігі берілгеніне өте қуаныштымын. ЭКСПО - түрлі қызмет салаларындағы адамзаттың жаңа жетістіктерін көрсететін маңызды платформа. «ЭКСПО-2017» - Орталық Азияда өткізіліп жатқан алғашқы көрме және қалың көпшіліктің назарын аудара білді. Қытай павильоны «Болашақтың энергиясы. Жасыл Жібек жолы» тақырыбына арналған. Мұнда Қытайдың дәстүрлі энергия көздерін қолданудан жаңа баламалы көздерге дейінгі барлық өзгерістер процесі мен бұл саладағы Қытайдың табысты жаңалықтары таныстырылады. ЭКСПО алаңы энергетика саласындағы жаңа жетістіктерді ғана көрсетпейді, барлық мемлекеттерге өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. «Чжэцзян Кэин» дизайнерлік компаниясы бұл көрсетілімде өзінің ашық түсті киімдерімен қытай рухын, қытай мәдениетін көрсетеді. Қазақстандық достар Қытай мәдениетін тереңірек танитын болады», - деп атап өтті құттықтау сөзінде Қытай павильоны директорының орынбасары Жуань Вэй.
Өз кезегінде ҚР Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова қытайлық тарапқа көрмеге белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан Парламенті атынан баршаңызды құттықтаймын және шараны ұйымдастырған компания мен Қытай өнер академиясына алғыс білдіргім келеді. Қазақстанда дизайнерлік бизнес айтарлықтай дамыған, менің ойымша жақында бірлескен жобаларды көретін боламыз», - деді ол.
«Топтама атауы «Аспан асты жолының жібек жіптері» деп аталады. Бұл коллекция қытайлық өнер академиясының суретшілерімен бірлесіп жасалды. Атап айтқанда, олардың картиналарынан алған шабыттың арқасында дүниеге келді. Топтаманың алғашқы ақ-қара түсті бөлігі Қытайдың дәстүрлі стилінде салынған картиналар іспетті. Екінші заманауи бөлігі өте ашық және Қытай қалаларын білдіреді. Картиналар авторы Қытай көркем дизайн академиясының проректоры Чжоу Ган. Картиналар атауы - «Айдаһар қалалар». Ал ондағы қызыл түс заманауи қаладағы әйелді меңзейді», - деп түсіндірді топтама авторы, дизайнер Чжан Лифу журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, компания қытай нарығында жұмыс істейді және Қытайдың танымал тұлғалары мен билік шенеуніктерін киіндіреді. «Яғни бизнес те біз үшін - өнер. Біз топтамалық киімдер шығарып қана қоймаймыз, жалпы халықтық, орташа деңгейлі киімдерді де тігеміз. Маған Астана ұнады, халқы ашық және қонақжай. Қаланың өзі мен ЭКСПО көрмесі - өте заманауи», - деп өз сөзін түйіндеді Чжан Лифу.