Тоқаев Украинаға қатысты пікірін айтты

Жаңалықтар
05.10.2014, 09:42

Апта соңында ЕҚЫҰ (ОБСЕ) Парламенттік Ассамблеясының күзгі отырысы ашылды. Оған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегация қатысып жатыр.

Әскери-саяси өлшемдер жөніндегі конференцияның бірінші сессиясында өткен Украина дағдарысына қатысты өткір пікір алмасулар барысында Қ.Тоқаев дәл осы мәселеге қатысты Қазақстан ұстанымын жан-жақты талдап берді. Сенат спикерінің атап өтуінше, Украина дағдарысы тек барша украин халқының ғана басына төнген трагедия болып отырған жоқ.  Сонымен қатар олар жаһандық қауіпсіздікке шынайы қатер төндіріп отыр. Ал бұл жаңа қырғи-қабақ соғыс белгілерінің туындауына түрткі.

Қ.Тоқаевтың мәлімдеуінше, Украинадағы барлық әскери іс-қимылдар, ең алдымен  ЕҚЫҰ-ның көмегімен Украина мен Ресей көшбасшылары арасындағы сұхбаттастыққа жол беруі тиіс. Сенат төрағасы өз сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіде жоғары деңгейдегі кездесу өткізу туралы бастама көтергенін, онда Ресей мен Украина Президенттері арасында сұхбаттастық тетігі іске қосылғанын және байланыс топтары арасындағы келіссөздердің қайта жанданғанын баса айтты. Ол ЕҚЫҰ-ны санкциялық теке-тіресті доғаруға шақырды. Өйткені, бұл жайт тек Ресейдің ғана емес, сонымен бірге аталған мемлекетке қарсы санкция енгізген басқа да мемлекеттердің де мүддесіне нұқсан келтіреді.

Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Украинадағы бейбіт халыққа қарсы жасалған әскери қылмыстарды тергеумен айналысуы қажеттігін атап көрсетті. Себебі, адамзат баласына жасалған қылмыстарға кінәлілер жазаға тартылуы тиіс. Сенат спикерінің пайымынша, бұл ЕҚЫҰ алдында тұрған кідіртуге болмайтын маңызды міндеттердің бірі және ол барлық қиындықтарға қарамастан орындалуы қажет.

Сұхбат

PhotoRoom